21 мыңнан аса қазақстандық электрокөлікпен жүреді

Қазақстанда электромобильдер саны жыл сайын артып келеді. Қазір елде олардың саны 21 мыңнан асады. Соңғы бір жылда олардың саны тіпті көбейе түскен. Бұл туралы Kursiv.media 24KZ телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Электромобильдерге қызығушылық артып келеді
Соңғы деректерге сәйкес, бір жылдың ішінде Қазақстандағы электромобильдер саны шамамен 80%-ға өскен. Бұған дейін мұндай көліктер тіпті ірі қалалардың өзінде сирек кездесетін, ал қазір оларға деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, 2019 жылдан бері елге жыл сайын шамамен мыңға жуық электромобиль әкелінген. Ал айтарлықтай өсім 2024–2025 жылдары байқалды. Оған импортқа баж салығының салынбауы және утильалым бойынша жеңілдіктер әсер еткен.
Қазақстанның автокөлік одағы мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында ресми дилерлер 270-тен астам электромобиль сатқан.
Бензинмен жүретін көліктерге қарағанда үнемді
Мұндай өсім көбіне пайдалану шығындарының төмен болуымен байланысты. Электромобиль иелері жол шығындары бензинмен жүретін көліктерге қарағанда әлдеқайда аз екенін айтады.
Астаналық автокөлік иесі Алдияр Ермек толық батареяны қуаттауға шамамен мың теңге жұмсалатынын айтты. Бұл энергия қоры 400–500 шақырымға дейін жетеді. Нәтижесінде жылдық үнем 700 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар электромобильдер саны артқан сайын инфрақұрылым да дамып келеді. Қуаттау станциялары сауда орталықтарының тұрақтарында, кеңсе ғимараттарының жанында, қоғамдық орындарда және қалааралық тас жолдарда орнатылып жатыр.
Электромобильдердің үлесі әлі де аз
Десе де,Қазақстандағы автопаркте электромобильдердің үлесі әзірге айтарлықтай жоғары емес. Елде 4,9 млн-нан астам жеңіл автокөлік тіркелген және олардың басым бөлігі әлі де бензинмен жүреді.
Алайда өсім үрдісі байқалады. Жыл сайын нарыққа электрлі қозғалтқышы бар жаңа модельдер көбейіп келеді. Өйткені қазақстандықтардың мұндай көліктерге деген қызығушылығы артып жатыр.
Еске салайық, 2026 жылдан бастап Қазақстан үшін Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында электр көліктерін кедендік бажсыз әкелуге квота тоқтатылады.