
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің қаулысына сәйкес:
- Қазақстан Қарулы Күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі қатарында белгіленген мерзімін өтеген мерзімді әскери қызметшілер наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында запасқа шығарылады;
- 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату құқығы жоқ ер азаматтар наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметке шақырылады;
- жергілікті атқарушы органдар әскерге шақыру науқанын ұйымдастырып, оның өткізілуін қамтамасыз етуі тиіс;
- Қазақстан Үкіметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі әскерге шақырылғандарды мерзімді әскери қызметке жіберу және қызмет мерзімін өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығару үшін қаржылық әрі материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда 850-ден астам запастағы офицер әскери қызметке шақырылады. Үкімет қаулысына сәйкес, 700 запастағы офицер Қарулы күштерге, ал 80 офицер Шекара қызметіне, 64 офицер Ұлттық ұланға және 15 офицер Төтенше жағдайлар министрлігіне жіберіледі.