Абаев: Қазақстан Ресейдің сенімді серіктесі болып қала береді

Елімізде жаңа Конституция қабылданып жатқан кезде Ресейдегі ТАСС агенттігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың пікірін жариялады.
Абаевтың сөзінше, елде орыс тілінің жоғары мәртебесі сақталған.
«Қазақстан халықаралық аренада Ресейдің айқын әрі сенімді серіктесі болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, жаңа Конституция мәтінінің қазақ және орыс тілдерінде бірдей заңдық күшпен жариялануының өзі мемлекеттің орыс тілі мен Қазақстандағы орыстілді халықты қорғауға бағытталған дәйекті саясатын көрсетеді», – деді ол.
Елші жаңа Конституция Қазақстанның тарихи дәстүрлерін айқындай отырып, ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуға негіз қалатынын мәлім еткен.
«Жаңа Конституция мемлекет қызметінің басты қағидаларын – адам игілігі үшін жұмыс істеу ұстанымын айқындайды. Негізгі идея – адам құқықтарының ажырамас сипаты. Бұл бөлім Конституциядағы ең ауқымды бөлімге айналды. Жаңа Конституцияны қабылдау біз үшін маңызды әрі стратегиялық мәні зор оқиға», – деді ол.
Сондай-ақ Абаев референдумға Ресей тарапынан көрсетілген назар үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, бақылау жұмыстарына Ресейден 92 өкіл қатысқан.
Елші Мәскеуде дауыс беру белсенді өткенін де атап өтті.
«Мәскеуде қатысу деңгейі 87%-ды құрады. 1 мыңнан астам адам дауыс берді», – деді ол.
Айта кетейік, бүгін президент жаңа Конституцияны іске асыратын шаралар туралы жарлыққа қол қойды.