«Атымды Бауыржан Момышұлы қойған»: Конституция есімді әйелдің әңгімесі

Қазақстанда Конституция есімді бір әйел тұрады. Бір қызығы әйел тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата заңы қабылданған 1993 жылы да, одан кейінгі заң қабылданған 1995 жылы да тумаған.
Конституция Нартбаева Түркістан облысының Жетісай қаласында 1958 жылы дүниеге келген. KursivMedia тілшісі ерекше есім иесімен сөйлесіп, атының тарихын сұрады.
Зейнеткердің айтуынша, атын Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы қойған.
«Атымды Бауыржан Момышұлы қойған. Шешем маған дейін босанған 2-3 бала шетінеп кеткен. Әкемнің аты – Орын Сұлтанбеков. Бір ауылды басқарған, ел ортасында сыйлы кісі еді. Мен туған 5 желтоқсанда үйге Бауыржан Момышұлы келіп қалады. «Қыз босанды» дегенде, «атын мен қояйын» деген екен», – дейді Конституция Нартбаева.
Конституцияның алдында Базарбек есімді ағасы бар, өзінен кейін сіңілісі туған.
«Атымды ауыстырғым келді»
Зейнеткер барған жерінде есімін естігендердің таңданыспен қарайтынына үйренген. Алайда жас кезінде атын ауыстыру туралы да ойлаған.
«Құрбы-құрдастарым Катя, Катюша дейді. Әріптестерім Конституция деп айтатын. Банкке, басқа жерлерге барғанымда «не деген ерекше есім?» деп бәрі таңданыспен қарайды. Кішкентайымда «неге бұлай қойдыңдар?» деп, атымды өзгерткім келетін. Кейін келе азан шақырып қойған атымды өзгертпеймін деген ой келді. Биыл, міне, осы есімді арқалап жүргеніме 68 жыл болады», – дейді Конституция Нартбаева.

Конституция Нартбаеваның екі ұлы бар. Сөзінше, 40 жыл медицина саласында еңбек еткен. Зейнетке шыққалы екі ұлынан көрген немерелерінің ортасында, Астана мен Тараз арасында жүр.
Айта кетейік, Қазақстанда Конституциядан бөлек Атазаң мен Заң есімді бір-бір адамнан бар. Маңғыстау облысында референдум күні көпбалалы отбасында тоғызыншы сәби дүниеге келді. Балаға Атазаң деп ат қойған.