Жаңалықтар

ЕАЭО елдерінде тек жүзімнен жасалған сусын «шарап» деп есептелуі мүмкін

ЕАЭО елдері кейбір өнімдерге салық салу мәселесін қарады / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) деңгейінде жаңа ережелер талқыланып жатыр. Оған сәйкес, тек жүзімнен жасалған сусын ғана «шарап» деп есептелуі мүмкін. Ал алма, алмұрт сияқты жемістерден жасалған шараптар бұл санаттан шығарылып, оларға салынатын акциз (арнайы салық) мөлшері қымбаттауы ықтимал.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 9-отырысында ЕАЭО аясында жаңа салық нормаларын қолдануға және заңнамаға енгізілетін алдағы өзгерістерге қатысты кезекті мәселелер топтамасы қаралған.

Отандық өндірушілерді қолдау

Қазақстан үкіметі егер осы ереже қабылданса, өз өндірушілерімізді қорғап қалуды жоспарлап отыр. Шешім бойынша, елімізде табиғи жолмен (спирт қоспай) ашытылып жасалған жеміс шараптарына салынатын салықты жүзім шараптарымен бірдей деңгейде қалдыру көзделуде. Бұл өнім бағасының күрт өсіп кетпеуіне көмектеседі.

Салық жеңілдігін пайдаланып, сапасыз өнім шығару немесе заңсыз схемалар жасаудың алдын алу үшін мемлекет тарапынан бақылау күшейтіледі. Жеміс шараптарын жасау процесі қатаң қадағаланатын болады.

Бұл өзгерістер бірден күшіне енбейді. Алдымен ЕАЭО техрегламенті қабылдануы тиіс. Содан кейін ғана бұл жеңілдіктер мен ережелер Салық кодексіне арнайы түзетулер ретінде енгізіледі.

Қазақстан Еуразиялық одақ елдерінен келетін азық-түліктің ең төменгі бағасын бекітті.