Футбол клубтары жекеменшікке өтті, бірақ мемлекет қаржы бөлуін тоқтатқан жоқ

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін елдегі футбол клубтары жаппай жекеменшікке өте бастады. Соңғы жарты жылда ел чемпионатындағы оншақты клубты миллиардер өзара бөліп яғни сатып алды. Футбол клубтары жекеменшікке өтті дегенмен жергілікті бюджеттен бұл салаға бөлінетін қаржы азайған жоқ. Kursiv Media мемлекеттік сатып алу порталын қарап, жыл басынан бері өңірлердің футболға қанша қаражат бөлгенін анықтап көрді.
Солтүстік Қазақстан облысы – 5 млрд теңге
Ақпанда облыстағы спорт және мәдениет басқармасы жасөспірімдер футбол командасын дамыту және олардың QJ League-сына қатысуы үшін 1,7 млрд теңге бөлді. Бұл қаржы 2026-2028 жылдарға арналған. Ресурсты «Қызылжар» футбол клубына аударды.
Одан бөлек негізгі ерлер мен әйелдер командасын және Екінші лигадағы жастар командасы үшін 3,8 млрд теңге бөлген. Бұл қаражат та 2026-2028 жылдарға арналған және мұны да жекеменшік «Қызылжар» клубы иеленді.
Ең қызығы, былтыр күзде кәсіпкер Сергей Кан бұл клубты сатып алған еді. Ол инвестор ретінде клубқа қаражат салуы қажет, бірақ мемлекеттік сатып алу порталынан байқағанымыздай, негізгі құрамаға әлі де облыс әкімдігі бюджет бөліп отыр.
Павлодар облысы – 1 млрд 427 млн теңге
Павлодар облысы «Ертіс-Павлодар» футбол клубын дамытуға осы жылға 1, 034 млрд теңге бөлген.
Ал балалар мен жасөспірімдер командасы үшін биылға облыс бюджетінен 393 млн теңге аударылған. Бұл қаражат та «Ертіс-Павлодар» футбол клубына берілді.
60 жылдық тарихы бар «Ертіс» футбол клубы Жоғары Лигада ойнайды. Әзірге, жекеменшікке өткен жоқ.
Ақтөбе облысы – 971 млн теңге
Ақтөбе балалар мен жасөспірімдер футбол клубын дамытуға (оның ішінде қыздар командасы да бар) 431 млн теңге бөлді. Қазақстан чемпионатына және УЕФА чемпионатына қатысатын қыздар командасы үшін 258 млн теңге аударылған. Ал жастар командасы үшін 282 млн теңге бөлінді. Әзірге, үш лот бойынша да жеңімпаз белгісіз, конкурс аяқталған жоқ.
Ақтөбе өңірлер арасынан балалар мен жасөспірімдер және қыздар футболына көп қаражат бөлетін аймақтың бірі. Оған, әлбетте, «Ақтөбе» футбол клубының феноменін әсер еткенін айта кету керек.
Елдегі жанкүйері ең көп клуб атанған «Ақтөбені» биыл Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Артықбаев сатып алған.
Астана қаласы – 862 млн теңге.
Жыл басында Астанадағы спорт және мәдениет басқармасы футбол үшін 862 млн теңге бөлген. Бұл қаржы жастар құрамасы, қыздар командасы және балалар мен жасөспірімдер клубын бөлінген. Қызығы, 862 млн теңгені толығымен «Жеңіс» футбол клубы алды.
«Жеңіс» – Премьер-Лигада өнер көрсететін команда. Былтыр күзде клубты кәсіпкер Михаил Ломтадзе сатып алған. Сол кезде ол «Жеңіс» базасында әлемдік деңгейдегі футбол академиясын құратынын, ол жерде жас таланттар тегін жаттығатынын айтқан еді. Бірақ әзірге балалар мен жасөспірімдер үшін мемлекет қаражат бөліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысы – 726 млн
Батыс Қазақстан облысы биыл футболға 726 млн теңге бөлген. Оның 338 млн теңгесі облыстық «Жайық» командасын дайындауға және халықаралық жарыстарға қатысуына арналған.
Тағы 387 млн теңге шағын футбол құрамасына, олардың ҚР Чемпионаты мен Кубогіне дайындығы үшін бөлінген.
Өңір атынан осыған дейін «Ақжайық» клубы ойнайтын еді. Бірақ қызметкерлері алдында 65 млн теңге қарызға батып, жабылды. Оның орнына былтыр ақпанда «Жайық» клубы құрылды. Сол кезде жергілікті билік қарыз мәселесін шешу үшін инвестор тартқанын хабарлаған. Жаңа клуб екінші лигада өнер көрсетеді.
Алматы қаласы – 645 млн теңге
Алматыда балалар мен жасөспірімдер командасы және Премьер-Лигадағы жастар құрамасы үшін 645 млн теңге қаржы бөлінген. Әзірге жеңімпаз анықталған жоқ.
Ал Алматының басты клубы «Қайрат» кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қарамағында.
Қызылорда облысы – 618 млн теңге
Қызылордада балалар мен жасөспірімдер командасын дамыту үшін 376 млн теңге бөлген. Бірақ жеңімпаз кім екені белгісіз, сатып алу рәсімі өтпеген.
Дәл осылай қыздар командасын дамытуға 242 млн теңге бөлген, бірақ бұл лот та ойнатылмай қалған.
Ал негізгі командаға қаражат бөлінбеген тәрізді. Былтыр облыстың «Қайсар» клубын жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақов сатып алған еді.
Шығыс Қазақстан 115 млн теңге
Шығыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірім клубы үшін 115 теңге бөлінген. Бұл өңірде чемпионатқа қатысып жүрген клуб – «Алтай». Осы наурызда алматылық «Қайратпен» кездесіп, 0-1 болып ұтылған.
Байқағанымыздай, кәсіпкерлер отандық футбол клубтарын сатып алып, негізгі құраманың инвесторы болып отыр. Ал балалар мен жасөспірімдер клубтары, жастар құрамалары мен қыздар командасын дамытуға әлі де жергілікті бюджеттен қаражат бөлінеді.