Жаңалықтар

Миллиардтаған қарызы бар банктерге шетелден бизнес сатып алуға неге тыйым салынды

Мемлекеттен көмек алған банктер неге қарызды қайтаруға асығар емес / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2015-2017 жылдары қаржы дағдарысы кезінде үкімет елдегі ірі банктерге қолдау көрсетіп, қаржылай көмек бергені бегілі. Осы уақыт аралығында бірқатары мойнындағы қарызынан құтылып, мемлекеттен алған ақшасын толық қайтарды. Дегенмен қарызын қайтаруға асықпай жүрген банктер де бар. Солар алған қаржыны қайтаруы үшін оларға қойылатын талаптар қатаңдатылып жатыр.

Шетелден еншілес ұйым аша алмайды

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңның 30-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес, енді мемлекет алдында өтелмеген берешегі бар банктерге қарыз толық қайтарылмайынша, Қазақстаннан тыс жерлерде еншілес ұйымдар құруға, сатып алуға немесе шетелдік компаниялардың капиталына қатысуға тыйым салынады.

Бұл норма банктердің бос ақша ресурстарын халықаралық экспансияға емес, ең алдымен мемлекеттік міндеттемелерді орындауға бағыттауын талап етеді.
Заңнамалық деңгейде банктердің ірі қатысушылары мен банк холдингтеріне қатысты қатаң талап та бекітілді.

Мемлекеттік көмек алған қаржы институттарының ірі акционерлеріне мемлекет алдындағы берешек толық өтелмейінше, өздеріне тиесілі акциялар үлесін төмендетуге жол берілмейді.

Бұл тетік акционерлердің банктің қаржылық тұрақтылығы мен қарызды қайтару процесіне деген ұзақ мерзімді жауапкершілігін бекітеді.

Дивиденд төлеу тәртібі өзгерді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегіне сәйкес мемлекеттік көмек алған банктердің дивиденд төлеу процесі тікелей қарызды өтеумен байланыстырылған.

Егер банк акционерлеріне дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаса, ол бір мезетте төленетін дивиденд сомасының 100%-нан кем емес мөлшерінде мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруға міндетті.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларынан түскен тікелей немесе жанама кірістерді дивиденд ретінде пайдалануға салынған мерзімсіз тыйым өз күшінде қалады.

Банктердің мойнында қанша қарыз бар?

2023 жылдан бері банктер мемлекетке 500 млрд теңгеден астам қаржыны қайтарған.

Мемлекет көмегін алған банктер арасында бұрынғы – Jusan bank, қазіргі Alatau City Bank-ке ең көп көмек көрсетілген: 1 трлн теңгеге жуық. Оның 100 млрд теңгесін ғана қайтарып, мойнында әлі 950 млрд теңге мемлекетке қарыз тұр.

Ал «Еуразиялық банкке» 150 млрд теңге қарыз берілсе, банк соның 48 млрд теңгесін қайтарған. «Нұрбанктің» мойнында 42 млрд теңге бар.

Alatau City Bank миллиардер Вячеслав Кимге тиесілі болса, Нұрбанктің иесі – Эльдар Сәрсенов. Ал «Еуразиялық банктің» акциялары Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы мен марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің меншігінде.