Жаңалықтар

Миллионердің қызына тиесілі мекеме қызметкерлеріне уақтылы жалақы төлемеген

60 млм теңге жалақы төлемеген / Фото: shutterstock

Ақмола облысы Біржан сал ауданында прокуратураның араласуымен «Көкше-Цемент» ӨБ» ЖШС мен «Степняк-су» КМК жұмысшыларының айлық мәселесі оң шешімін тапты.

Былтыр желтоқсан айында еңбекақысыз қалған 350 маманның құқығы қорғалып, кәсіпорындар жалпы сомасы 60 млн теңгеден асатын берешекті толық өтеді.

Бұл ретте «Көкше-Цементтің» құрылтайшылар құрамында еліміздегі ең дәулетті адамдардың бірі Рашит Сәрсеновтің қызы Карина Сәрсенованың бар екені белгілі.

Аудандық прокуратураның қадағалау актісі негізінде еңбек ақысы ғана емес, кәсіпорындардың мемлекет алдындағы 2 млн теңгеден астам салық қарызы мен өсімпұлы да өндірілді.

Жұмысшылардың конституциялық құқығын аяқасты еткен кәсіпорын басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Forbes мәліметінше, Сәрсеновтер әулеті 980 млн доллар байлығымен Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің қатарында тұр.

Бұған дейін Сәрсеновтің ұлына тиесілі зауыт банкрот болу алдында тұрғаны белгілі болған.