ҚазТрансОйл мен CNODC мұнай транзитінен түсетін табысты бөлісе алмай, соттасып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ҚТО серіктесімен соттасып жатыр Фото: ҚазТрансОйл

«ҚазТрансОйл» компаниясы мен оның қытайлық серіктесі China National Oil and Gas Exploration and Development Corporation (CNODC) арасындағы тариф дауы сотқа жетті. Тараптар Қазақстан аумағы арқылы Қытайға жөнелтілетін Ресей мұнайынан түсетін табысты қайта бөлу мәселесі бойынша ортақ мәмілеге келе алмай отыр. OilgazKZ телеграм-арнасының мәліметінше, Қытайға «Роснефть» компаниясының 10 млн тонна мұнайы жеткізілген.

Дау неден туды

Транзиттік тасымал екі негізгі учаскеден тұрады: біріншісі – операторы «ҚазТрансОйл» болатын «Прииртышск – Атасу» бағыты, екіншісі – «ҚазТрансОйл» мен CNODC-тің бірлескен кәсіпорны («Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС) басқаратын «Атасу – Алашанькоу» учаскесі.

Жалпы транзиттік тариф тоннасына 15 доллар (ҚҚС-сыз) мөлшерінде өзгеріссіз қалғанымен, 2025 жылдың 8 сәуірінен бастап оның ішкі құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшырады.

Атап айтқанда, «Прииртышск – Атасу» учаскесінің тарифі 4,23 доллардан 7,24 долларға дейін өсті, ал «Атасу – Алашанькоу» бағытындағы тариф 10,77 доллардан 7,76 долларға дейін төмендеді.

Мұндай қайта есептеу бірлескен кәсіпорынның табысын азайтып, сәйкесінше қытайлық серіктестің үлесіне тиетін пайданы кеміткендіктен, CNODC бұл шешімді сот арқылы даулауға көшті.

«ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының пікірі қандай

Ұлттық оператордың мәлімдемесіне сәйкес, тарифтік құрылымның өзгеруі экономикалық тұрғыдан толық негізделген.

Компания «Атасу – Алашанькоу» учаскесін салуға жұмсалған барлық инвестициялардың толық өтелгенін және бұған дейін тартылған кредиттік міндеттемелердің жабылғанын алға тартады.

Осыған байланысты, инвестиция қайтарылғаннан кейін инфрақұрылымдық жобаларда табысты қайта бөлу халықаралық тәжірибеде бар әділ қадам деп саналады. Аталған іс бойынша кезекті сот тыңдалымы бүгін өтуі тиіс.

«ҚазТрансОйл» АҚ – Қазақстанның магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ тобына кіреді. Компания ұзындығы 5,2 мың шақырым болатын магистральдық мұнай құбырлары жүйесіне иелік етеді.

Сондай-ақ оқыңыз