Жаңалықтар

Миллиардер Ыдырысовтың Шымкентке жарық жеткізетін компаниясы таза табысын арттырды

Миллидердің компаниясы таза табысын арттырды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Forbes рейтингінде 19-орында тұрған миллиардер Дінмұхамет Ыдырысовтың отбасына тиесілі комания таза табысын арттырды. Finmentor.kz Telegram-арнасының авторы, экономист Арман Батаев AIX биржасында жарияланған есепке сүйене отырып, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясы 2025 жылды табыспен аяқтағанын хабарлады.

Компанияның жылдық табысы 434,1 млрд теңгеге жетіп, 32%-ға өскен. Ал жылдық таза пайдасы 29%-ға артып, 51,4 млрд теңгені құрады.

Табыстың негізгі көзі – электр энергиясын сату (287,7 млрд теңге) болса, энергия тасымалдау саласынан түсетін түсім екі еседен астам артып, 106,3 млрд теңгеге жеткен.

Компания шығыны да артқан

Инфрақұрылымның кеңеюі мен жұмыс көлемінің артуына байланысты электр қуатын сатып алу және техникалық шығындар сияқты өзіндік құн көрсеткіштері де өскен.

Соған қарамастан, компанияның жалпы пайдасы 92,3 млрд теңгені құрады.

Қазіргі уақытта ҚКЖ белсенді инвестициялық кезеңде тұр: мәселен, Қарағандыдағы қосалқы станцияны жаңғырту сияқты ірі жобаларға (CAPEX) 111,7 млрд теңге жұмсалған.

Бұл жобаларды қаржыландыру үшін Еуразиялық даму банкінен қаражат тартылып, облигациялар шығарылған.

Активі де өсті

Компанияның жалпы активтері 24%-ға өсіп, 595,2 млрд теңгені құраса, меншікті капиталы 326,5 млрд теңгеге жетті.

ҚКЖ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жылу мен жарық өндіреді, сондай-ақ Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласында энергия тасымалдаумен айналысады.

Forbes рейтингі бойынша Қазақстандағы ең ірі 10 компанияның қатарына кіретін бұл кәсіпорын Мағда Идрисова мен Жармұхамед Аппазға тиесілі.

Олар – еліміздегі ең бай адамдардың бірі (дәулеті 563 млн доллар, Forbes рейтингінде 19-орын) Дінмұхамет Ыдырысов жұбайы мен ұлы.