
Елде парламент сайлауы күзге дейін яғни жаңа сессияның ашылуына дейін өткізіледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Сөзінше, көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сондай-ақ қолданыстағы 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізіледі.
«Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн. Елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, қазіргі билік институттары реформаланып, жаңасы құрылып, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамы өзгереді.
Айта кетейік, Парламенттің жаңа сессиясы әр жылдың 1 қыркүйегі ашылады.