
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық», – деді президент.
Айта кетейік, Ақордада Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиын өтіп жатыр.

«Біз Халық Конституциясын келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіне отырып қабылдадық. Ата заң – қуатты, күшті, бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа Жарғысы. Жаңа Конституция – көне заманнан бері бабаларымызға бағдар болған дала заңдарының бүгінгі жалғасы, ұрпақтар арасындағы сабақтастық көрінісі. Заман талабына сай жаңғырған бас құжат мемлекеттігіміздің сан ғасырлық тарихынан хабар береді», – деді Тоқаев жиында.
Сондай-ақ президент референдумға қатысқан азаматтарға алғыс айтты.