Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыру жөнінде кеңес өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны іске асыру жөнінде кеңес өткізді / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстанның жаңа Конституциясын іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кеңеске сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, премьер-министр Олжас Бектенов, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев және әділет министрі Ерлан Сарсембаев қатысты.

Мемлекет басшысы «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, заңнаманы жаңа Негізгі заңға сәйкес келтіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.

Президент бірінші кезекте биліктің барлық институттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін заңдарды түзету қажеттігін атап өтті. Жалпы алғанда, алты конституциялық заң және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үш заң қабылдау жоспарлануда.

Конституцияның күшіне ену мерзімін ескере отырып, тиісті құжаттар Парламенттің осы сессиясының соңына дейін қабылдануы тиіс.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобаларының сапалы әрі уақтылы әзірленуін қамтамасыз етуді, ал Үкіметке заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізуді тапсырды.