Қазақстанның ұлттық компаниялары күзетке қанша жұмсады

Күзет қызметіне ең көп қаржы жұмсаған қай ұлттық компаниялар? Protenge.kz жыл басынан бері жасалған келісім-шарт негізінде топ үш компанияны анықтады.
Тізім басында – «Жолаушылар тасымалы» ҚТЖ компаниясы. Мекеме күзет қызметі үшін бір жылға 46,1 млрд теңге төлеуге дайын. Салыстыру үшін айтсақ, Қаржы мониторинг агенттігінің жылдық бюджеті 35 млрд теңге, ал Парламент бюджеті 32 млрд теңге.
Тіпті бұл қаражатқа кемінде үш референдум өткізуге болады. Мәселен, екі жыл бұрын АЭС референдумын өткізуге 15,5 млрд теңге бөлінген еді.
«Жолаушылар тасымалы» – ҚТЖ құрамына кіретін еншілес ұйым. Айта кету керек, ҚТЖ осы күндері қарызға батқан ұлттық компанияның бірі. Қазір компанияның кредиттік портфелі – 3,7 трлн теңге.
Екінші орында – «ҚазТрансОйл». Бір жылға күзет қызметі үшін 25,4 млрд теңге қаржы бөлген. ҚТЖ-мен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Үшінші орында – «Интергаз Орталық Азия» АҚ. Күзет қызметі үшін келісім-шарттың толық сомасы – 13,5 млрд теңге.
Protenge жазуынша, жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» мемлекеттік сатып алу порталында күзетке қатысты 17 келісім-шарт пен қосымша келісім жасалған. Олардың барлығының сомасы миллиард теңгеден асады.