
Қазақстанның қор нарығында елеулі оқиға орын алды. 16 наурыздағы сауда-саттық қорытындысы бойынша, «ҚазМұнайГаз» (КМГ) ұлттық компаниясының жай акциялары бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, 31 600 теңгелік межені бағындырды.
Бұл көрсеткіш компанияның IPO-ға шыққан сәтінен бергі ең жоғары бағасы ретінде тіркеліп отыр. Компанияның бағалы қағазы соңғы 1 айда 25,4 пайызға, ал 3 айдағы өсім 41,9 пайызға дейін өскен.
Өсімнің басты себептері:
Мұнай нарығындағы оң динамика: Әлемдік нарықта «қара алтын» бағасының тұрақты өсуі КМГ-ның қаржылық көрсеткіштеріне тікелей әсер етуде. Мұнай бағасының жоғарылауы компанияның табысын арттырып, оның акцияларына деген сұранысты қыздыра түсті.
Таяу Шығыстағы қазіргі геосаяси жағдай аса күрделі және соңғы онжылдықтардағы ең ірі дағдарыстардың бірі ретінде бағалануда. 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы бірлескен әскери операциясы аймақты үлкен соғыс өртіне орады. Соның әсерінен мұнай бағасы 100 доллардан жоғары бағаға саудалануда.
Дивидендтік күтулер: Инвесторлар арасында компанияның алдағы уақытта төлейтін дивидендтеріне қатысты оң болжамдар басым. Бұл акцияларды ұзақ мерзімді актив ретінде тартымды етеді.
Өндірістік қуаттың артуы: Компанияның ірі жобаларды іске асыруы және экспорттық бағыттарды әртараптандыруы нарық ойыншылары тарапынан оң бағасын алды.
The Economist сарапшылары мұнай бағасы тағы өседі деп болжайды
The Economist басылымының сарапшылары егер Ормұз бұғазы айдың соңына дейін жабық тұрса, «қара алтын» бағасы барреліне 150 немесе тіпті 200 долларға дейін шарықтайды деп болжайды. Мұндай баға секірісі әлемдік экономиканы терең рецессияға итермелеуі мүмкін. Дегенмен дағдарыстың екінші жағы да бар: санкция құрсауында болса да, мұнайын сыртқа шығаруға қауқарлы елдер үшін бұл күтпеген экономикалық өсімге жол ашуы ықтимал.