
Орталық референдум комиссиясы Конституцияны өзгертуге қатысты өткен референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады.
Референдумға қатысуға құқығы бар қазақстандықтардың жалпы саны – 12 482 613 адам. 15 наурызда референдумға 9 127 192 адам қатысқан. Бұл дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 73,12%-ы.
Оның ішінде 7 954 667 адам референдумда Конституцияны өзгертуді қолдаған. Бұл дауыс бергендердің 87,15%-ы.
Ал 898 099 адам Конституцияны өзгертуге қарсы болған. Сондай-ақ 146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған. 127 868 бюллетень жарамды деп танылғанына қарамастан, дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.
«Осылайша республикалық референдум туралы заңнамадағы талап сақталды. Сондықтан жаңа Конституция қабылданды деп танылады», – деді Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
15 наурыз – Конституция күні
Exit poll нәтижесі жарияланғаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды жаңа Конституция қабылданғанымен құттықтады.
«…Бүгін жұртымыз дауыс беріп, Қазақстанның тарихын, тағдырын айқындады. Бұл шешім дүние жүзі тарихында мәңгі сақталады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмәнім жоқ. Өйткені бұл – азаматтарымыздың бойындағы нағыз отаншылдық нышаны. Енді жыл сайын 15 наурызды – Конституция күні, яғни, еліміздің ең басты мерекесінің бірі ретінде қарсы аламыз» – деді Тоқаев.