Ресейге қашқан күдікті Қазақстанға жеткізілді

Ұйымдасқан қылмыстық топ болып, бірнеше рет алаяқтық жасаған күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.
Бас прокуратура бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Ресейден экстрадициялаған.
«Күдікті 2023-2024 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болып, ақпараттық жүйе пайдаланушыларын алдап, ірі мөлшерде алаяқтық жасауға бірнеше рет жәрдемдескен. Атап айтқанда, күдікті мен оның сыбайластары «Instagram» әлеуметтік желісін пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, салынған инвестиция сомасынан бірнеше есе көп табыс алуға уәде беріп, өз компаниялары арқылы ақша қаражатын инвестициялауға үгіттеген», – деп хабарлады құзырлы орган.
Алаяқтар ақшаны алғаннан кейін оны өзара бөлісіп алған. Соның салдарынан Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі 75 азамат 80 млн теңгеге алданған.
«Қылмыс жасалғаннан кейін 4 сыбайлас әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, ал соңғысы қылмыстық қудалау органдарынан бой таласап, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. 2025 жылғы наурызда ол Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды», – делінген хабарламада.
Қазір күдікті тергеу изоляторында. Кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.