Трамптың «бас ауруы»: Ормұз бұғазындағы құрсауды бұзу неге қиын

Жарияланды
фото: gemini generated

АҚШ Президенті Дональд Трамп одақтастарын жұмылдырып, әлемдік энергия тасымалының күретамыры саналатын Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіруге күш салып жатыр. Алайда Иран орнатқан теңіз блокадасын тоқтату тіпті алпауыт коалицияның өзіне оңай соқпайтын түрі бар. Kursiv Media Ормұз бұғазы туралы Reuters сарапшыларының болжамдары мен пікірлерін топтастырды

Шиеленіс нүктесі: Не болды

28 ақпанда АҚШ пен Израиль соққысына жауап ретінде Тегеран стратегиялық маңызы бар су жолын жауып тастады. Дрондар, зымырандар мен теңіз миналарын қолдану арқылы Иран күн сайын әлемдік энергия ресурстарының бестен бір бөлігі өтетін бұғазды алып танкерлер үшін қауіпті аймаққа айналдырды.

Бұған дейін Иран билігі бұғазды жабуды «бір кесе су ішкеннен де оңай» деп сес көрсетіп келсе, бұл жолғы қақтығыс Тегеран үшін «өмір мен өлім» мәселесіне айналғандай. Ислам революциясы күзеті корпусы (ИРКК) стратегиялық бастаманы өз қолына алып, батыл қимылдарға көшті.

Әлемдік экономикаға төнген қатер

Ормұз бұғазы – Парсы шығанағы мен Оман шығанағын жалғайтын жалғыз жол. Ирак, Қатар, Кувейт және БАӘ сияқты мұнай алпауыттары үшін бұл — ашық теңізге шығатын жалғыз есік.

Мұнай бағасы: Дүйсенбі күні қара алтын құны 2022 жылғы максимумға жетті. БҰҰ сарапшылары бұл жағдай жаһандық деңгейде қымбатшылық дағдарысын тудыруы мүмкін деп дабыл қағуда.

Азық-ақын қауіпсіздігі: Мәселе тек мұнайда емес. Әлемдік тыңайтқыш нарығының (күкірт пен аммиак) 33%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Бұл тізбектің үзілуі жаһандық азық-ауыл тапшылығына әкелуі ықтимал.

Бұғазды ашу неге қиын

Әскери сарапшылардың пікірінше, бұғазды бақылауда ұстау – техникалық тұрғыдан өте күрделі міндет.

Географиялық кедергі: Кеме жүретін жолдың ені небәрі екі-ақ миль. Біздіңше 3,2 км қашықтық. Оған қоса, Иранның таулы жағалаулары мен аралдары партизандық соғыс жүргізуге қолайлы баспана.

«Масалар флоты»: Иранның негізгі әскери флоты талқандалғанымен, ИРКК-ның қолында жылдам жүретін катерлер, шағын сүңгуір қайықтар және тіпті жарылғыш тиелген гидроциклдер бар.

Дрондар тасқыны: Мәліметтер бойынша, Тегеран айына 10 мыңға жуық дрон шығаруға қауқарлы. Мұндай көлемдегі шабуылға қарсы тұру кез келген әуе қорғанысы жүйесі үшін үлкен салмақ.

Соғыс ұзаққа созыла ма

Британдық Әскери-теңіз күштерінің отставкадағы офицері Том Шарптың айтуынша, күніне 3-4 кемені эсминецтердің қорғауымен өткізуге болады, бірақ бұл процесті айлап тұрақты ұстап тұру үшін орасан зор ресурс қажет.

Әлемдік қауымдастық Парсы шығанағының мұнайына тәуелді, сондықтан Трамп әкімшілігі мен одақтастар қазір жедел жоспарлар құру үстінде. Алайда, «жойғыштар» мен миналар қаупі сейілмейінше, Ормуз бұғазы әлемдік экономиканы тығырыққа тірейтін «тар өткел» болып қала бермек.

The Economist басылымының сарапшылары егер Ормұз бұғазы айдың соңына дейін жабық тұрса, «қара алтын» бағасы барреліне 150 немесе тіпті 200 долларға дейін шарықтайды деп болжағанын еске салай кетейік.

Сондай-ақ оқыңыз