Жұбайының қыр соңынан қалмаған 51 адам қылмыстық жауапқа тартылды

Өткен жылдан бері елімізде сталкинг үшін 51 адам қылмыстық жауапқа тартылды деп хабарлайды ІІМ. Барлық ісі сотқа жолданды, оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жарты жыл бойы аңдыған
ІІМ дерегінше, көп жағдайда адамдар бұрынғы жұбайын немесе қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартқан серігін аңдып, қудалауға көшеді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында ер адам бұрынғы әйелінің соңынан аңдып, тіпті ауыстырған жаңа нөмерін де тауып алған. Тұрған жеріне келіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді.
Ал Астанада ер адам жарты жыл бойы байланысын жалғастырғысы келмеген әйелді аңдып, мазалай берген. Тіпті жұмыс орнына дейін барып, бейнежазбаға да түсірген. Сот оған да 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, моральдық зиянды өтеуді міндеттеді.
Семейде 31 жастағы ер адам некеде бола тұра, ұзақ уақыт басқа бір қызды аңдығаны үшін жауапқа тартылды.
«Егер сіз, жақындарыңыз немесе таныстарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, оны еш жағдайда елеусіз қалдырмаңыздар. Қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу полицияға хабарлаңыздар», – деп ескертеді Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Адамның қыр соңынан қалмай аңду – қылмыс
Еске салайық, ұзақ уақыт бойы адамның еркінен тыс аңдып, қудалау, оның үйіне, жұмысына барып мазасын алмау сталкинг деп аталады және ол қылмыс ретінде қарастырылған.
Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, айыпты адамға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 50 тәулікке дейін қамауға алады.
Осы жылы көктемде Маңғыстауда қызды некеге мәжбүрлемек болған екі адам 3 жылға сотталған.
Ал Алматыда бір ай бойы бойжеткенді аңдып жүрген ер адам қамауға алынды.