20-дан астам акт: Балаева қандай заңдарға өзгеріс енгізілетінін айтты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Аида Балаева
Фото: kursiv.media мұрағаты

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елде жаңа Конституция қабылданған соң қандай заңдарға өзгерістер енгізілетінін айтып берді.

Министр Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты бағыттарда салалық заңнаманы жаңарту бойынша бірқатар жұмыс жүріп жатқанын айтты.

«Бүгінде мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл түзетулер негізгі конституциялық қағидаттарды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, отбасы институтын нығайту және азаматтық қоғамды дамыту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды», – дейді ол.

Министрдің сөзінше, Қазақстанның Халық Кеңесі құрылуына байланысты қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасуда. Атап айтқанда, сөз еркіндігі, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпаратты алу және тарату құқығы қағидаттарын жан-жақты әрі нақты айқындау көзделіп отыр.

Айта кетейік, жақында Аида Балаева журналистердің сөз бостандығына қатысты сұрағына жауап берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз