Антициклон әсерінен Қазақстанға аномальді жылу келеді

Синоптиктер алдағы үш күнде Қазақстанның солтүстігі мен орталығында +5…+17 °C-қа дейін жылы болады деп болжайды. Елдің батысында күндіз +10…+20 °C-қа дейін, ал республиканың оңтүстік бөлігінде +23 °C-қа дейін жылу күтілуде.
Жылы ауа райы антициклонның әсерінен орнайды, деп хабарлайды Қазгидромет. Ел бойынша тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
«Кей күндері ғана еліміздің солтүстігінде, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, жел күшейеді деп күтілуде», – деп нақтылады синоптиктер.
Әзірге наурыз айына арналған ұзақ мерзімді болжам орындалуда: айдың екінші жартысында елдің барлық аймақтарында күн жылынады деп күтілген болатын. Дегенмен, батыста температура +7 °C-тан аспайды деп болжанған еді.
Бұған дейін сәуір айында ауа райы қандай болатынын жазған едік. Аймақтардың басым бөлігінде орташа температура климаттық нормадан бір градусқа жоғары болуы ықтимал.