АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Иранмен соғысқа қарсы болып, отставкаға кетті

АҚШ-тың Ұлттық контртеррористік орталығының директоры Джо Кент Иранға жасалған әуе шабуылдарына наразылығын білдіріп, отставкаға кетті. Бұл соғысты қолдауға «арым жібермейді» деді ол.
Джо Кент Иранға соққы жасауға еш негіз жоқ деп есептейді. Және осы туралы толық хат жазып, өз еркімен қызметінен кеткенін мәлімдеді.
Ол – АҚШ-тағы жоғары лауазымды шенеуніктің бірі. Ұлттық контртеррористік орталықтың басшысы қызметінде террористік қауіптер туралы деректерді жинау, талдау және бағалауға жауапты негізгі агенттікті басқарды, сондай-ақ олардың алдын алу бағытында федералдық қызметтердің іс-қимылын үйлестірді.
Қол астындағы қызметкерінің бұл әрекетіне Трамп та пікір білдірді. Ол Кентті әрқашан «қауіпсіздік мәселелерінде әлсіз» болған деп бағалап, егер оның әкімшілігіндегі біреу Иранды қауіп деп санамаса, «ондай адамдар бізге керек емес» екенін мәлімдеді.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әуе шабуылы 28 ақпанда басталды. Ақ үй Тегеран ядролық қару дайындап, Америкаға үлкен қауіп төндірді деп есептейді.
Үш күн бұрын Трамп Вашингтон Иранды әскери ғана емес, экономикалық тұрғыдан да толық жеңді деп мәлімдеді.