Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда прокуратура 7,2 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алуды тоқтатты

Батыс Қазақстанда прокуратура 7,2 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алуды тоқтатты / Фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының прокуратурасы 7,2 млрд теңгеден астам сомаға жасалған ірі мемлекеттік сатып алулардың күшін жойды. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл бюджеттің 826,3 млн теңгесінің тиімсіз жұмсалуының алдын алуға мүмкіндік берді.

Әңгіме 2026 жылғы 21 қаңтарда аудан әкімінің аппараты жариялаған тендерлер туралы болып отыр. Сатып алулар Ақсай қаласының оңтүстік және солтүстік бөліктеріндегі, сондай-ақ, Қызылтал шағын ауданындағы жолдарды күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты болған.

Жұмыс тізіміне көгалдандыру – көгал, ағаш пен гүл отырғызу, сондай-ақ оларды күтіп-баптау шаралары да енгізілген. Алайда, дәл осы тұста тексеріс елеулі заң бұзушылықтарды анықтады.

Прокуратураның мәліметінше, құжаттамада міндетті құжаттар – дендрологиялық жоспар мен ақаулық актісі болмаған. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмыстары жеке лотқа бөлінбеген, ал жұмыс жүргізілетін нақты учаскелер мен мекенжайлар мүлдем көрсетілмеген.

«Дендрологиялық жоспардың болмауы отырғызу жұмыстарына деген нақты қажеттілікті растауға, өсімдік түрлерін анықтауға және жұмыстарды нақты учаскелерге бекітуге мүмкіндік бермейді», – деп түсіндірді қадағалау органы.

Есептеулер бойынша, тек көгалдандырудың өзіне 826,3 млн теңге бағыттау жоспарланған.

Ведомство мұндай бұзушылықтар жұмыс көлемін асыра көрсету қаупін тудыратынын, сатып алудың ашықтығын төмендететінін және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соғуы мүмкін екенін атап өтті.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша конкурстар тоқтатылды.