Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ядролық соққы салдарына дайындалып жатыр

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері ядролық соққы салдарына дайындалып жатыр.
Politico ақпаратына қарағанда, бұған АҚШ, Израиль және Иран арасындағы шиеленістің әрмен қарай ушығуы түрткі болған.
Қауіпті сценарий
Біріккен Ұлттар Ұйымы мамандары АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылдарының салдарын бақылауда ұстап, кез келген ядролық қауіпке байланысты сақтық шараларын күшейткен.
Бұл туралы ұйымның Шығыс Жерорта теңізі аймағы бойынша директоры Ханан Балхи мәлімдеді.
Оның айтуынша, ең қауіпті сценарий – ядролық апат. Мұндай жағдай орын алса, оның зардабы тек аймаққа емес, бүкіл әлемге ондаған жыл бойы әсер етуі мүмкін.
Ядролық қару қолдану мүмкіндігі талқылануда
Балхи мамандар ядролық қауіптің барлық түріне, соның ішінде нысандарға шабуыл немесе қару қолдануға дайын екенін айтты.
Сарапшылар ядролық апаттың салдарын Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасының тасталу мысалын еске салады. Ол кезде 110 мыңнан 210 мыңға дейін адам қаза тапқан.
Трамп уәдесі
Соғыс ушығып жатқанда, кейбір саясаткерлер ядролық қару қолдану мүмкіндігін де талқылай бастады. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің мұндай қадамға бармайтынын айтты.
Қазіргі таңда ДДСҰ қызметкерлері ядролық төтенше жағдайға әрекет ету бойынша қайта дайындықтан өтіп, халықты қорғау және денсаулық қауіптерін азайту жөнінде ұсынымдар әзірлеуде.
Мұның алдында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігі қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің алдын алуға болатынын мәлімдеген еді.