Жаңалықтар

Елде төленбеген айыппұлдар кешіріледі – ІІМ

Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов рақымшылық аясында айыппұлдарды кешіру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Министрдің сөзінше, бұл азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін оны іске асыруға қатысамыз. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген құқық бұзушылықтарға қолданылады. Террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық сипаттағы, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар жасағандар, сондай-ақ рецидивистер мен іздеуде жүргендер бұл тізімге кірмейді», – деді Сәденов.

Министрдің айтуынша, айыппұлдарды есептен шығару тетігі де қарастырылып жатыр.

«Әкімшілік рақымшылық аясында жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қаралады. Мұндай адамдардың санаты, айыппұл мөлшері мен оны есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында нақтыланады», – деді министр.

Қазіргі уақытта кімге және қандай айыппұлдар кешірілетіні заң жобасы әзірленгеннен кейін белгілі болады.