Жаңалықтар

Кредитін бір ай бойы төлемегендерге жаңа тұтынушылық несие берілмейді

Кредит беруге қойылатын талап қатаңдайды / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың 19 наурызынан бастап Қазақстанда тұтынушылық несие берудің жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл өзгерістер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң аясында жүзеге асырылып отыр. 2026 жыл басында қабылданған заң сол күні күшіне енеді.

Ең басты жаңалықтың бірі – несие алу талаптарының қатаңдауы. Егер бұрын мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан азаматтарға несие беруге тыйым салынса, енді бұл мерзім үш есе қысқарып, 30 күнді құрайды.

Яғни, кез келген қарызы бойынша бір айдан астам уақыт төлем жасамай жүрген адамға жаңадан тұтынушылық несие берілмейді. Алайда бұл шектеу қолданыстағы несиені жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландыру жағдайларына әсер етпейді.

Ең бірінші рет несие алатындар банкке баруы керек

Тағы бір маңызды өзгеріс – қауіпсіздік шараларының күшеюі. Енді интернет арқылы немесе кепілсіз несие рәсімдеу кезінде міндетті түрде биометриялық сәйкестендіруден өту қажет болады.

Бұл қадам соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет-алаяқтықтың, соның ішінде СМС-код арқылы бөтен адамның атына несие рәсімдеу қылмыстарының алдын алу үшін енгізіліп отыр.

Егер азамат бұрын ешқашан несие алмаған болса және оның несие тарихында ақпарат жоқ болса, ол 150 айлық есептік көрсеткіштен (2026 жылы бұл шамамен 650 мың теңге) асатын қарыз алу үшін банкке жеке өзі баруы тиіс.

Бұл ретте банк бөлімшесінде де биометриялық тексеру жүргізіліп, клиенттің жазбаша келісімі алынады. Ал егер несие сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, банктің өзіне бармай-ақ, қашықтан биометрия арқылы рәсімдеуге болады.

Банктерге қойылатын талап та артады

Сонымен қатар жаңа заң банктердің жауапкершілігін де арттырады. Егер клиенттің шотына немесе несиесіне қатысты алаяқтық әрекеттер анықталса, банк бір жұмыс күні ішінде клиентке хабарлау, екі күнде заңсыз әрекетті тоқтату және он күн ішінде оның зардаптарын жою шараларын қабылдауға міндетті.

Бұл реформалар халықтың шамадан тыс қарызға батпауын қадағалаумен қатар, қаржы операцияларының ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.

Жаңа ережелер тұтынушылық тауарлар мен қызметтерді, мысалы, тұрмыстық техника мен смартфондарды бөліп төлеу немесе несиеге ал түрлеріне қатысты болады.