22 млн теңге айыппұл: жеке деректерді таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Қазақстанда жеке мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметкерлер мен операторлардың жауапкершілігі айтарлықтай күшейтілмек. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
21,6 млн теңге айыппұл салынады
Ең басты жаңалық – деректердің жаппай таралғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл бағыттағы әкімшілік айыппұл көлемі де өседі. Мәселен, айыппұл мөлшерін 5 мың АЕК-ке (шамамен 21,6 млн теңге) дейін арттыру жоспарланған.
Енді деректермен жұмыс істейтін операторлар кез келген ақау немесе ақпараттың таралуы туралы тиісті органға ғана емес, зардап шеккен азаматтардың өзіне де дереу хабарлауға міндетті болады.
Техникалық шектеулер қойылады
Мәліметтердің ұрлану қаупін азайту үшін заманауи техникалық әдістер (мәліметтерді бүркемелеу және хэштеу) қолданыла бастайды. Бұдан былай мемлекеттік базалардан ақпараттарды жаппай көшіріп алуға қатаң шектеу қойылады.
Оның орнына ақпараттық жүйелердің өзара тікелей байланысы (интеграция) арқылы жұмыс істеуге басымдық берілмек.
Сондай-ақ, елде екі арнайы тізілім жасақталады:
- Деректер операторларының классификацияланған тізімі;
- Сенім білдіруге болатын шетелдік қабылдаушылар тізімі.
Министрдің айтуынша, киберқауіпсіздік саласының ең осал тұсы – адам факторы. Сондықтан мемлекеттік бақылауды күшейтумен қатар, мамандар мен жалпы халықтың кибермәдениетін көтеруге баса назар аударылады.
Жақында елдегі 16 млн адамның жеке дерегі таралып кеткен белгілі болды. Министр журналистерге берген жауабында бұл жайт 2020 жылы болған деп ақталды.
Оған дейін жеке микроқаржы ұйымы миллиондаған клиентінің жеке дерегін таратып жібергені белгілі болған.