Жаңалықтар

Almaty Superski: Іле Алатауында 60 шақырым шаңғы трассасы мен 17 аспалы жол салынады

Almaty Superski жобасы аясында аспалы жол салынады / Фото: shutterstock

Іле Алатауы ұлттық паркінде жалпы ұзындығы 60 шақырым болатын шаңғы трассалары мен 17 аспалы жол салынады. Жобаны жүзеге асыратын компания ттабиғи ландшафтты барынша сақтап, аумақта ешқандай жекеменшік коттедж бен вилла салынбайды деп уәде беріп отыр.

Алматыда «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда Kazakh Tourism Development (KTD) компаниясының Бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Almaty Superski жобасын таныстырған.

Паркте коттедж салынбайды

Ең маңыздысы, тау-шаңғы инфрақұрылымы салынатын жерлер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан шығарылмайды және жеке тұлғалардың меншігіне берілмейді. Сонымен қатар, жоба аясында жекеменшік коттедж мен вилла салынбайтыны тиісті құжаттарда нақты бекітілмек.

Жаңа жоспар бойынша аспалы жолдар тіректерінің саны мен суды тұтыну көлемі бұрынғы жобалармен салыстырғанда айтарлықтай қысқартылып, инфрақұрылымды орналастыру кезінде табиғи ландшафтты барынша сақтау ескерілген.

Сонымен қатар, балаларды спортқа мектеп жасынан баулу мақсатында «шаңғы тебуді» мектеп бағдарламасына енгізу мүмкіндігі де талқыланып жатыр.

Ержан Еркінбаев атап өткендей, жобаның мақсаты – құрылысты тез бастау емес, алдымен аумақтың ғылыми негізделген жай-күйін анықтап, содан кейін ғана нақты шешімдер қабылдау.

Алдағы уақытта қала тұрғындары мен экологиялық ұйымдардың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.

Kazakh Tourism Development Ltd. жеке компаниясы халықаралық стандарттарға сай заманауи туристік экожүйені қалыптастыру мақсатында құрылған. «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген.

Компания Qazaqstan Investment Corporation АҚ-на тиесілі. Ал бұл компанияға «Бәйтерек» ұлттық холдингі иелік етеді.

Көк-Жайлау мен Құмбел шыңын жалғайды

Алатаудың інжу-маржаны саналатын Көк-Жайлау шатқалы мен Құмбел шыңын қамтитын жаңа жоба аймақтағы ең ірі тау курорттарының біріне айналмақ. Қазір жобаның мастер-жоспары бекітілген. Курортты Андоррадан келген Pas Grau International Management (PGI) компаниясы салады. Ал ауқымды бастаманы қаржыландыруды Қазақстанның Даму Банкі қамтамасыз етпек.

Жобаның нақты құны инженерлік және экологиялық зерттеулер толық аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ержан Еркінбаевтың айтуынша, осыдан он жыл бұрын бұл нысан 430–440 миллион долларға бағаланған, алайда инфляцияны ескерсек, түпкілікті сома бұл межеден жоғары болмақ.

Заманауи демалыс орны 2028 жылдың соңы мен 2029 жылдың басында алғашқы меймандарын қабылдауы мүмкін. Бұл жоба ел экономикасына серпін беріп, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашады.