
Қазақстан экономикасының күретамырына айналған сауда секторы бюджет қоржынын толтыруда шешуші рөл атқарып отыр.
Былтыр еліміздің ең ірі 20 сауда компаниясы мемлекет қазынасына 690 миллиард теңгеден астам салық аударды. Finprom.kz сайтының жазуынша, цифрлық технологиялардың қарыштап дамуы мен тұтынушылық сұраныстың артуы бұл саланы ел дамуының басты драйверіне айналдырған.
Үздік үштік: Көш басында – Kaspi.kz
2025 жылдың қорытындысы бойынша сауда секторындағы ең ірі салық төлеуші мәртебесін Kaspi.kz маркетплейсі иеленді. Компанияның төлеген салық көлемі 138,4 млрд теңгені құрады.
Айта кетерлігі, соңғы үш жыл ішінде компанияның салық аударымдары екі еседен аса өскен. Мұндай нәтижеге «Kaspi Магазин», «Kaspi Travel», «Колёса» АҚ және «Magnum E-commerce Kazakhstan» секілді барлық онлайн-платформаларының үлесі бар.
Екінші орынға Toyota автокөліктерінің ресми дистрибьюторы – «Тойота Мотор Қазақстан» ЖШС жайғасты. Компания бюджетке 125,3 млрд теңге салық төледі. Көліктер мен қосалқы бөлшектерді көтерме саудада сатумен қатар, брендтің Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы маркетингі мен сервистік қызметіне де осы кәсіпорын жауапты.
Үздік үштікті «Кока-Кола Алматы Боттлерс» БК ЖШС түйіндейді. Сусын өндіруші алпауыттың салық сомасы 61,6 млрд теңгеге жетті. Coca-Cola, Sprite, Fanta, BonAqua сынды танымал брендтерді франчайзинг негізінде шығаратын компания еліміздің сусын нарығындағы жетекші орнын тағы да дәлелдеді.
Тауар айналымының алпауыттары
Рейтингтің төртінші сатысында «Бритиш Американ Тобакко Қазақстан Трейдинг» ЖШС тұр. Халықаралық BAT тобының құрамына кіретін компания 2025 жылы қазынаға 42,5 млрд теңге аударды.
Одан кейінгі бесінші орынға Еуропа мен Таяу Шығыстағы ірі IT-дистрибьюторлардың бірі – «АСБИС Қазақстан» ЖШС (31 млрд теңге) тұрақтады.
Алтыншы орынға Caterpillar техникаларының ресми дилерi – «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС ие болды. Түрік холдингінің құрамына кіретін кәсіпорын 27,2 млрд теңге салық төлеп, құрылыс пен тау-кен саласына қажетті техника нарығындағы қуатын көрсетті.
Жетінші орында электроника және тұрмыстық техника нарығының көшбасшысы – «Samsung Electronics Central Eurasia» ЖШС тұр, оның үлесі – 26,6 млрд теңге.
Тұтыну нарығы және арнайы техника дистрибьюторлары
Рейтингтің соңғы үштігін азық-түлік және ауыр техника жеткізушілері толықтырды. Сегізінші орында – ресейлік KDV Group өнімдерін тарататын «KDV Қазақстан» ЖШС (23,1 млрд теңге).
Тоғызыншы сатыда тау-кен және мұнай-газ саласына мамандандырылған техника жеткізуші «Eurasian Machinery» ЖШС (23 млрд теңге) орналасты.
Ал үздік ондықты еліміздегі ең ірі бөлшек сауда желісі – «Magnum Cash&Carry» ЖШС түйіндеп, мемлекетке 20,7 млрд теңге салық төледі.
Құрылыс компаниялары арасында Айдын Рақымбаевқа тиесілі BI Group ең көп салық төлеген.