
2026 жылдан бастап оқулықтар кезең-кезеңімен жаңартылады. Мұны Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.
Қандай оқулықтар жаңартылады
Министрдің айтуынша, қазір мектептерде қолданылып жүрген оқулықтар 2018–2019 жылдары басылған және содан бері мазмұндық тұрғыдан жаңартылмаған. Осыған байланысты олар жаңа Конституциялық өзгерістер мен заманауи талаптарға сай қайта қаралады.
«2026 жылы 3, 4, 7, 8, 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады. 2027 жылы 1 және 5 сыныптар оқулықтары жаңадан басылады. 10-11 сынып оқулықтарының мазмұны қайта қаралады. 2028 жылы 2 және 6 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жарық көреді», – деді министр.
Министрдің сөзінше, бұл шара оқушылардың сапалы білім алуына және олардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов те бұл мәселенің маңызын атап өтті. Оның сөзінше, ел жаңа кезеңге қадам басты, сондықтан оқулықтар да соған сай жаңаруы тиіс.
Бұған дейін елдегі барлық мектепте ерекше педагогикалық назарды қажет ететін оқушыларға жеке педагогикалық сүйемелдеу енгізілетіні хабарланған.