
2026 жыл басталғалы 3 335 қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, келген қандастардың жартысына жуығы – Қытайдан (47,8%), едәуір бөлігі – Өзбекстаннан (43,6%) келген. 2,7% – Түрікменстаннан, 2,2% – Монғолиядан, 2% – Ресейден және 1,7 пайыз басқа елдерден келген.
Елге келген қандастардың шамамен 58 пайызы – еңбекке қабілетті жаста.
«Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша: 13,1%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби білімді, 51,9%-ы жалпы орта білімді, және 7,9%-ының білімі жоқ», – делінген хабарламада.
Олар республиканың түрлі өңіріне қоныстанған. 2026 жылдың екі айының қорытындысы бойынша Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 569 қандас қоныстанған.
«Жоғарыда аталған өңірлерге қоныс аударған қандастарға көшуге байланысты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, біржолғы субсидия отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (302,8 мың теңге) мөлшерінде беріледі. Сонымен қатар тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу үшін бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (64,9–129,8 мың теңге) төлем қарастырылған», – делінген хабарламада.
Ведомство дерегінше, жыл басынан бері 139 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Оның ішінде 108 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Айта кетейік, 2025 жылдың қортындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ атамекеніне оралып, қандас мәртебесін алған.