«Ол ақша елге де керек»: Көшербаев шетелге шығатын азаматтарды сақ болуға шақырды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: shutterstock

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев шетелге, әсіресе, Таяу Шығыс елдеріне барғысы келетін азаматтарды сақ болуға шақырды.

Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген министрдің айтуынша, бұған дейін Таяу Шығыстан қайтқысы келген қазақстандықтардың барлығы мемлекет тарапынан ұйымдастырылған рейстермен елге жеткізілген.

Сондай-ақ ол Біріккен Араб Әмірліктерінде әлі де қазақстандықтар бар екенін, қажет болған жағдайда мемлекет оларға көмек көрсететінін айтты.

Көшербаевтың сөзінше, сол жақта жүрген азаматтар бір мәселені түсінуі керек.

«Адамдарды шығару үшін қаншама қаражат кетеді. Ол ақша елге де керек. Сондықтан азаматтарға кетіп бара жатса айтарымыз – байқаңыздар. Ертең қиын жағдайға тап болып, көмек сұрауға мәжбүр болуыңыз мүмкін. Ондай болып қалса, әрине, тастамаймыз, шығарамыз. Бірақ ол қиынырақ болады. Егер белгілі бір елде соғыс басталып кетсе, ол жаққа ұшақ ұшпаса, азаматтарды шығару қиынға түседі. Тек елшіліктің, өкілдеріміздің нұсқауларына сәйкес, бәрі орындалуы керек. Ол жақта тек елшіліктердің қызметкерлері қалған. Егер ахуал нашарласа, оларды да шығарамыз. Қазір елшіліктердің бірде-бір қызметкері жұмыстан кеткен жоқ. Отбасылары елге келді», – деді ол.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялау аяқталғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз