
Шығыс Қазақстан облысында 6,7 млн теңге залал келтірген «ҚазАвтоЖол» филиалының бұрынғы басшысы сотталды.
«ҚазАвтоЖол» ақпаратына қарағанда, бұл жайт компанияның материалдары негізінде анықталып отыр.
Қаражат қалай жымқырылды
«ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі мен қауіпсіздік қызметі компанияда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Аталған жұмыс шеңберінде 2024 жылы КАЖсервис ЖШС-нің Шығыс Қазақстан облысы филиалында лауазымдық міндеттерін іс жүзінде атқармаған тұлғаларды жалған жұмысқа рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды», – делінген хабарламада.
Заңсыз еңбекақы
Нәтижесінде оларға заңсыз еңбекақы төленген. Комплаенс қызметі мен қауіпсіздік қызметі бастамашы болған қызметтік тексеру қорытындысы бойынша тиісті материалдар процестік шешім қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жолданды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында аталған құқық бұзушылыққа филиалдың бұрынғы директорының қатысы бары анықталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
3 жыл 6 ай мерзім жаза
Өскемен қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 2025 жылғы 1 желтоқсандағы үкімімен аталған тұлға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша (лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану) кінәлі деп танылып, 2 жыл 9 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Прокуратураның апелляциялық наразылығы негізінде Шығыс Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, жазаны 3 жыл 6 айға дейін күшейтті. Сонымен қатар келтірілген 6,7 млн теңге көлеміндегі залал өндіріліп, бүгінгі күні толық көлемде өтелді.
Айта кететін жайт, «ҚазАвтоЖол» Түркістанға жол салу үшін Азия банкінен кредит алған еді.