«Тәшкент көрген» болам десеңіз немесе Өзбекстанға Қазақстаннан қалай баруға болады

Жарияланды 18 Наурыз 2026 14:57

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Фото: shutterstock

Алда Наурыз мерекесіне орай бес күндік ұзақ демалыс күтіп тұр. Осы уақытта тиімді пайдаланып, жаймашуақ Ташкентке тартып кетуге болады. Өзбекстанға Қазақстанның қай қалаларынан және қалай жетуге болатыны туралы гайд дайындадық.

Алматыдан шығатын болсаңыз…

Ұшақпен баруға болады

Мәдени астанамыз Алматыдан Өзбекстан қалаларына жетудің бірнеше жолы бар. Алдымен ең жылдам және қымбаттау түрінен бастайық. Ол, әрине, ұшақпен бару. Алматыдан Ташкентке отандық Air Astana, өзбекстандық компаниялар Uzbekistan Airways пен лоукостер Centrum Air арқылы тіке рейстермен жетіп алуға болады. Одан бөлек, ауысып отыруға дайын болсаңыз, Астана арқылы FlyArystan ұшады. Отандық лоукостеріміздің Алматыдан Өзбекстанның Самарқан қаласына ұшатын тіке рейсі бар. Ертерек қамданғансаңыз, билеттерді бір бағытқа бар болғаны 40 мың теңгеге ала аласыз. Ал дәл қазір мерекеге орай сұраныс артып кеткендіктен, бір бағыттың өзі 150 мың теңгеден жоғары әрі біраз әуекомпанияда соңғы билеттер ғана қалған. Жолға кететін уақыт – 1,5 сағат шамасында. 

Пойызбен баруға болады

Алматыдан Ташкентке тальго пойыз қатынайды. Жол ұзақтығы – 18 сағатқа жуық. Билет құны санатына қарай әр түрлі: отырып баруға дайын болсаңыз – 14 мың теңге, купеге – 26 мың теңге, арқайын демалып барғыңыз келсе, люкс вагондағы орынға 38 мың теңге төлеуіңіз керек болады. Бұл пойыз Отар, Шу, Тараз, Түлкібас, Манкент, Шымкент, Сарыағаш станциялар арқылы өтетіндіктен, өзіңізге жақынын таңдасаңыз болады. Сонымен қатар Маңғыстау облысы жағынан Бейнеу-Нүкіс пойызы қатынайды. Жолға 14 сағаттай кетеді. Пойыз билеттерін мереке қарсаңында таппай қалуыңыз мүмкін. Сол себепті барынша жоспарлаған абзал. 

Автобуспен баруға болады

Сайран автовокзалынан Ташкентке автобус жүреді. Жатып бара аласыз. Жолға шамамен 14 сағаттай кетеді. Арақашықтық – 800 шақырымнан сәл асады. Билеттерді автобекет сайтынан алдын-ала алып қоюға кеңес береміз. Негізінен сағат 16:00 мен 18:00 аралығында әр жарты сағат сайын жүретін автобустар бар. Бағасы тасымалдаушысына қарай әртүрлі. Орта есеппен 10-14 мың теңге шамасында.

Фото: shutterstock

Машинамен баруға болады

Өзбекстанға өз көлігіңізбен де бара аласыз. Негізі Өзбекстан мен Қазақстанның арасында 5 бақылау-өткізу пункті бар: Шымкент (Жібек жолы), Жетісай (Қонысбаев), Сарыағаш (Қапланбек), Сарыағаш (Қазығұрт), Бейнеу (Таджен). Негізі көпшілігі басты бөлімше ретінде Жібек жолы арқылы өтетін. Дегенмен бұл жақта жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, енді Қапланбекпен өтіп жүр. Ресми деректерге сүйенсек, Жібек жолы биыл тамызда ашылуы керек. Көлігіңізбен баратын болсаңыз, шекараға жақын осы өткізу пункттерінің бірінен өтесіз. Бірақ есте ұстау керек бірнеше жайт бар:

  • Жұмыс кестесін қарап алыңыз. Кейбірі тек күндіз істейді. Егер күні-түні ашығын іздесеңіз, Қапланбекті қарастырсаңыз болады.
  • Шекараны жаяу өткен оңайырақ. Себебі Қазақстан мен Өзбекстан ортасында машина өте көп. Сондықтан шекарада ұзақ күтуге дайын болып барыңыз. Көлік жүргізетін адам өзі бөлек, ал ішіндегі жолаушылар жаяу бөлек өтеді. Яғни достарыңызбен не отбасыңызбен баратын болсаңыз, екіге бөлініп кетесіздер. Жаяу өткендер демде құжаттарын көрсетіп, келесі бетке өтіп кетеді. Ал машина тізгіндеген адам сағаттап екі ортада тұрып қалады. Сол себепті машина аса қажет болмаса, шекараға жақын маңайға қалдырып, жаяу өткен дұрыс. Өзбекстанда такси бағасы арзан. Әрі-бері жүріс қалтаны аса қақпайды. Есесіне шекарадан жылдам асасыз. 
  • Тексеріс өте көп. Машинаны толықтай тінтиді. Әр дорбаны бөлек ашып көрсетуге дайын болғайсыз.  

Астанадан шығатын болсаңыз…

Ұшақпен баруға болады

Астанадан Өзбекстанға тез жеткісі келгендерге абзалы – ұшақпен барған. Бас қаладан Ташкентке Flyarystan, Air Astana, Uzbekistan Airways тіке қатынайды. Ертерек алып қойсаңыз, билеттер 30 мың теңгеден басталады. Таяғанда алсаңыз, рейстер көбіне Алматы арқылы ұшады. Яғни Астана-Алматы-Ташкент маршрутымен барасыз. Жолға жалпы алғанда 20 сағаттай кетеді. Алматыда шамамен 15 сағаттай отыра тұруға тура келеді. Ал Самарқанға барғыңыз келсе, онда VietjetQazaqstan-мен баруға болады. Астанадан жолға 2,5 сағат кетеді. Билеттер орта есеппен бір бағытқа 70 мың теңге шамасында.  

Пойызбен баруға болады

Бірден айтайық: тіке бара алмайсыз. Вокзал ауыстыруға тура келеді. Ол үшін Астанадан шығып Алматы, Шу, Түлкібас сынды елді-мекендерге жетіп алуыңыз керек. Содан кейін барып Ташкентке мінесіз. Жолға бір күннен аса уақыт кетеді.  

Шымкенттен шығатын болсаңыз…

Туристердің дені Өзбекстан шекарасына Шымкент арқылы кіреді. Ел арасындағы ең танымал әлі ыңғайлысы да осы. Қалауыңызға қарай Шымкентке дейін ұшақпен, таксимен, автобуспен не пойызбен жетіп алсаңыз болғаны. Әрмен қарай Ташкентке бару аса қиын емес. Жоғарыда атап өткен пойыз және машинамен жету тәсілі мұнда да бірдей. Шекараға дейін таксимен жетіп алсаңыз, әрі қарай Өзбекстан бетіне жаяу өте аласыз. Пойыздың станцияларын да бұған дейін атап өттік. Шымкентке қарасты станцияларға отырып, алаңсыз Ташкентке баруға болады. Ұшақпен бару сынды тәсілді көпшілік қарастыра қоймайды. Өйткені Шымкент пен Ташкент арасы тиіп тұр.

Фото: shutterstock

Құжаттарға қатысты ескертпе

Өзбекстан шекарасына өту үшін сізде төлқұжат болуы керек. Әзірге Қазақстанның жеке куәлігімен өту мүмкін емес. Дегенмен желіде екі ел арасында осындай келісім жасалып жатқаны туралы ақпарат бар. Әзірге күшіне енбегендіктен, төлқұжат міндеттелетінін ескеріңіз. Егер сізде құжат болмаса, алдын-ала жоспарлап жасатыңыз. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында 1 және 3 жұмыс күнінде дайын болатындай жеделдетуге болады. Облыс орталықтарында ең тез дегенде – 3 күн, одан кейін 5 жұмыс күнінде істеп береді. Облыс қалалары мен аудандарындағы жедел қызмет 7 жұмыс күнін алады. Ол үшін қосымша ақы төлейсіз. Ал енді құжаттың құнына келсек: биылғы тариф бойынша, ҚР төлқұжаты – 34 600 теңге (36 беттік), балалардыкі – 17 300 теңге (24 беттік), ал 48 беттік төлқұжат 51 900 теңге тұрады.  

Қазақстан азаматтары Өзбекстанға еркін кіре алады. Визасыз ол жақта 1 ай жүре аласыз. Егер өз машинаңызбен шекара асатын болсаңыз, онда болатын күн санына қарай сақтандыру полисін рәсімдеуіңіз керек. Оған қоса, Өзбекстан ережесіне байланысты машинаны артқы терезесі көлегейленген болса, рұқсат алу үшін қосымша ақы төлеуге міндеттелесіз. Қазақстанда алдыңғы терезелерді көлегейлеуге тыйым салынғанымен, артқы терезеге рұқсат.

Валютаға қатысты айтсақ, Өзбек сомының курсы мынадай: 100 өзбек сомы 3,97 теңгеге тең. Яғни 1 миллион өзбек сомы біздің валютаға шаққанда 40 мыңға жуықтайды. Базар аралаймын, алыс аймақтарына барамын деген жоспарыңыз болса, курсы тиімді жерден ақша айырбастап алыңыз. Шекарадан өткен жерде қазақ теңгесін ауыстырып береміз деп бума-бума ақша ұстап жүргендерді көресіз. Алаяқтарға тап болып қалмаңыз. Абай болуға кеңес береміз. 

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 20-25 наурыз аралығында бірыңғай трансшекаралық саяхат аясында Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстыратын туристік пойыз шығатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз