Қоғам

Танымал блогерлер Жанабыловтар сотына күштеп жеткізіледі

Блогерлер сот залына шақырылды/коллаж kursiv.media

Астанада өтіп жатықан ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың сотына блогерлер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртаза күштеп жеткізілетін болды.

Бұған дейін блогерлер денсаулығына байланысты сотқа онлайн қатыса алатынын айтқан.

Қылмыстық істегі прокурор Олжас Хайруллаев сотқа жүгініп, блогерлерді сотқа күштеп жеткізу туралы қаулы шығаруын сұрады. Бұл өтінішхатты қорғау тарабының адвокаты Гаухар Айтжанова да қолдады. Істі қарап жатқан судья Әділбек Баймаханов өтінішхатты қабылдап, қаулы шығарды. Осылайша блогерлер сотқа күштеп жеткізіледі. Бұған Астана қаласының прокуратурасы жауапты болады.

Айта кетейік, қылмыстық-процестік кодекстің 157-бабында күштеп әкелуге қатысты талаптар көрсетілген. Соған сәйкес, куә шақыру бойынша дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда сот қаулысы бойынша күштеп әкелінуі (мәжбүрлеп жеткізілуі) мүмкін. 

Істің мән-жайы

2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды. 

Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды. 

Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.