Танымал блогерлер Жанабыловтар сотына шақырылады

Астанада ерлі-зайыпты блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2026 жылдың 18 наурызындағы сотқа блогер Дархан Жолшыбеков пен Нұрбек Нұртазаның қатысатыны айтылды.
Алайда істегі екі куә сотқа онлайн қатыса алатынын айтқан. Денсалуығына байланысты Алматыдан Астана қаласына келе алмайтынын жеткізген.
Жанабыловтардың адвокаты Гаухар Айтжанова блогерлердің сотқа онлайн қатысуына қарсы болды. Күнделікті ұшақ пен пойыз жүріп тұрғанын айтып, сот залына шақыруды сұрады.
Содан кейін БАҚ өкілдері сотталушы Эльмира Төлегеновадан Жолшыбеков пен Нұртаза туралы сұрады.
«Олар бізге дейін де, бізден кейін ұтыс ойнатып жүрді», – деп жауап берді Төлегенова.
Айта кетейік, блогер Нұртаза Нұрбек бұған дейін әлеуметтік желіде лотерея өткізгені үшін айыппұл төлеген.
Істің мән-жайы
2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.