Жаңалықтар

«Заман банк» жыл басынан бері реттеушіден екі рет ескерту алды

«Заман банкке» ескерту жасалды / Фото: colvir.com, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Екібастұздан шыққан банкир Тасболат Абгужиновтың отбасына 50 пайызы тиесілі «Заман банк» ислам қаржы ұйымы жыл басынан бері реттеушіден екі рет ескерту алған.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бірінші ескертуді 27 ақпанда берген. Реттеуші банктің жұмыс істемейтін активтер деңгейін төмендетуды қолға алуды талап еткен. Қаржы ұйымына 2026 жылдың соңына дейін уақыт берілген. Осы кезеңде банк несие портфеліндегі ұзақ уақыт төленбеген үмітсіз борыш көлемін азайтуы керек.

Ал екінші ескертуді «Заман банк» 16 наурызда алған. Бұл жолы ҚНРДА қаржы ұйымына жазбаша нұсқама беріп, қаржы ұйымы «Банк туралы заңның» 17-1-бабы, 18-тармағының талабын бұзып отыр деп есетейді. «Заман-Банк» 2025 жылдың қыркүйегінде де реттеушіден ескерту алған.

Сондай-ақ банктің ірі қатысушысы мәртебесін алуға алдын ала келісімі жоқ басқа тұлғалардың Банкке бақылау орнатуымен байланысты тәуекелдер туындап тұр деп тұжырымдайды. Бұл банктің тұрақты жұмыс істеуіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Банк туралы не белгілі

«Заман банк» – 1991 жылы Екібастұз қаласында іргетасы қаланған, Қазақстандағы ең көне қаржы институттарының бірі. 2016 жылдан бастап дәстүрлі банк жолынан бас тартып, шариғат заңдарына негізделген исламдық қаржыландыру бағытына көшкен.

Банктің 2024 жылғы қаржы есебіне сәйкес, оның негізгі акцияларына Екібастұз өңіріндегі ықпалды кәсіпкерлер – Абгужиновтар отбасы иелік етеді (Алан Абгужинов – 57,3%, Тасбулат Абгужинов – 4%).

Сондай-ақ акционерлер қатарында Юрий Гусев, Николай Расковалов және Шавкат Сваров бар. Банктің бүгінгі таңдағы басшысы – Гүлфайруз Асаева.