Жанабыловтар мінген көлік құны қылмыстық істегі шығыннан асып түседі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қылмыстық іс Астана сотында қаралып жатыр/коллаж kursiv.media

Ерлі-зайыпты блогер Жанабыловтардың жеке автокөліктерінің құны қылмыстық істегін шығыннан асып түседі. Бұл туралы қылмыстық іс материалдарын зерттеу барысында айтылды.

Іс материалдарына сәйкес, Ерболат Жанабыловтың 2024 жылғы Lamborghini Urus автокөлігінің құны – 237 млн теңге. Ал Эльмира Төлегенованың Lexus LX 600 көлігі 78 млн теңге тұрады.

Ал қылмыстық істегі жалпы шығын 247 млн теңгені құрайды.

Істің мән-жайы

2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс қаралды. 

Сот заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, жаңа қаулы шығарды. Істе қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар болғандықтан, Экономикалық тергеу департаментіне жолданды. 

Қаржы мониторингі агенттігі ақпаратына сүйенсек, Instagram әлеуметтік желісінде 15 миллионнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты өзіне тіркелгендердің сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған. 

Сот басталды

2026 жылдың 16 наурызында блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты айыптау актісі оқылды.

Тергеу дерегіне сәйкес, 2025 жылы блогерлер аса ірі көлемде ақша табу мақсатында қылмыс жоспарын құрған. Алайда оқырмандар 30 мың теңгеге сатып алатын видеокурстардың білім беру және экономикалық мәні болмаған. Сондай-ақ бұл курстар бұрын да басқа платформаларда жарияланған.

«Курстар азаматтарды рұқсат етілмеген ұтыс ойындарына қатыстыру арқылы табыс табуға бағытталған. Олар лотереяны бүркемелейтін қызмет атқарған. Қылмыс жоспарын іске асыру мақсатында курс сатамыз деп, лотерея өткізу ережелерін әзірлеген. Лотерея ережелеріне сәйкес, оның мерзімі 4 айды құрап, 2025 жылдың 21 тамызынан 31 желтоқсанына дейінгі мерзім деп белгіленген.

«Ережеге сәйкес, кепілдендірілген ұтыстар ретінде 10 дана Hyundai маркалы автокөлік, iPhone маркалы ұялы телефондар және 5 000, 10 000, 50 000, 500 000, 750 000 теңге, сондай-ақ 1 000 000 теңге және 2 000 000 теңге көлеміндегі жүлде қарастырылған. Жалпы жүлде қорының сомасы 200 000 000 теңгеден асқан. Бұл ретте олар курстарды сатудан шамамен 487 000 000 теңге қаражат тартуды жоспарлаған», – делінген айыптау актісінде.

Прокурордың айтуынша, Төлегенова бекіткен ережелерге сәйкес, шығындарды шегергеннің өзінде сотталушылар 200 млн теңгеден астам табыс табуды көздеген.

Сондай-ақ оқыңыз