Жаңалықтар

Министрліктер мен әкімдіктерде қызметкерлер түнге дейін жұмыс істейді – депутат

Фото: Kursiv.media архиві

Көптеген мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан тыс қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Түнге дейін, тіпті кей жағдайда жұмыс орнында түнеуге мәжбүр болады. Осылай деген Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков мемлекеттік қызметшілердің Еңбек кодексінде көрсетілген құқықтары бұзылып жатқанын айтты.

Депутаттың айтуынша, мемлекеттік қызметтегі өзекті проблемалардың бірі – жұмыс уақытының шамадан тыс ұзақтығы. Еңбек кодексіне сәйкес, апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан, яғни күніне 8 сағаттан аспауы тиіс. Алайда кейбір салалардағы мемлекеттік қызметкерлер артық жұмыс істуге мәжбүр.

«Бұл жұмыстың ерекшелігіне және тапсырмалардың жеделдігіне байланысты қаржы, экономика, әділет министрліктері мен әкімдіктерде қызметкерлер ұзақ жұмыс істейді. 2015 жылы мемлекеттік органдарда сағат 18:00-ден кейін барлық жұмыс компьютерлерін өшіру басталған еді, бірақ бұл жұмыс уақытынан артық істеген сағаттар мәселесін толық шешкен жоқ«, – деді депутат.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай бұл мәселе бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр деп сендірді. Оның айтуынша, 2020 жылы тиісті заң қабылданған. Бұған дейін жұмыс уақытын бақылау міндеті Еңбек министрлігіне жүктелген болса, 2023 жылдан бастап бұл құзырет Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілген.

Қызметкерлердің жұмыс уақыты «е-Қызмет» жүйесіне тіркеледі

«Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кетуі «е-Қызмет» жүйесіне тіркеледі. Осы жүйе арқылы агенттік қызметкерлердің жұмыс уақытын бақылап, мониторинг жүргізеді», – деп түсіндірді агенттік төрағасы.

Агенттік төрағасының айтуынша, егер қызметкерлердің артық жұмыс істеген уақыты үшін қосымша демалыс берілсе немесе ақы төленсе, ешқандай мәселе туындамайды. Ал егер өтемақы қарастырылмаса, агенттік аппарат басшыларына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғауға құқылы.

Дархан Жазықбай бұл бағыттағы мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Мәжіліс «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің жалақы мәселесі қамтылған.