
Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесі 23%-дан 17%-ға дейін азайған. Бұл туралы депутат Гүлдара Нұрымова мәлімдеді.
Депутат Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайға жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады.
Жазықбайдың айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметте 27,5 мың жас маман еңбек етуде.
«2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық жерлерде басшылық лауазымдарға жас кадрлар тағайындалды», – деді ол.
Сондай-ақ агенттік мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан жастарды мектеп қабырғасынан бастап даярлау қажет деп санайды. Бұл – шетелдік тәжірибе.
«Сингапур моделін пайдалана отырып, 10–11-сынып оқушыларын тартқымыз келеді. Білім беру гранттары арқылы жастарды қабылдаймыз», – деді агенттік төрағасы.
Оның сөзінше, ведомство мемлекеттік қызметке қажетті мамандықтарға талдау жүргізген.
«Жас мамандар елді мекендерде екі-үш жыл жұмыс істегеннен кейін біздің академияда біліктілігін арттыра алады. Кейін өңірлерде, облыс немесе қала деңгейінде қызмет етіп, одан әрі басшылық лауазымдарға тағайындалады», – деп қорытындылады Дархан Жазықбай.
Айта кетейік, Мәжіліс «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында мемлекеттік қызметшілердің жалақы мәселесі қамтылған. Сондай-ақ Олжас Құспеков мемлекеттік қызметшілердің Еңбек кодексінде көрсетілген құқықтары бұзылып жатқанын мәлімдеді.