Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы енді үш жылдан кейін ғана өседі

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы үш жылдан кейін біртіндеп өсуі мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай айтты.

Мәжілісте «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Заңды талқылау барысында депутат Қарақат Әбден мемлекеттік қызметшілердің жалақысына қатысты мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы инфляция деңгейіне ілесе алмай отыр.

«Соның салдарынан тәжірибелі әрі білікті мамандар мемлекеттік қызметтен кетіп, жеке секторды таңдайды. Осыған байланысты заң жобасында мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық жалақысын кемінде үш жылда бір рет индексациялау ұсынылған. Егер де индексация жасалатын болса, қандай көрсеткіштер негізге алынады», – деп сұрады агенттік төрағасынан.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметшілердің жалақысын индексациялау жоспары осы заң аясында көзделгенін айтты.

«Қазіргі таңда басты мақсат – мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жеке сектордағы еңбек нарығымен бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Мемлекеттік қызметшілердің жалақсысын индексациялауды 2029 жылдан бастап көздеп отырмыз. Осыған байланысты заң жобасына тиісті өзгерістер енгізіліп отыр», – деді Дархан Жазықбай.

Мамандардың пікірінше, жалақыны кезең-кезеңімен индексациялау мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырып, кәсіби кадрларды ұстап қалуға мүмкіндік береді.