Тоқаев Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құрды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Президентінің жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл турлы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Жарлыққа сәйкес, уәкіл қызметін ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамында төрағаның орынбасары ретінде қоғамдық негізде жүзеге асырады.
«Уәкілдің негізгі мақсаттары отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік отбасылық және демографиялық саясатты жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына жәрдемдесу болып белгіленсін«, – делінген хабарламада.
Осы Жарлықтан туындайтын шараларды Үкімет қабылдайды, ал оның орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске салсақ, осыған дейін Президент өкімімен Снежанна Валерьевна Имашева ҚР Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалған еді.