Жаңалықтар

Балабақшалар мен колледждердегі дау-дамай қалай реттеледі

Колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге септігін тигізбек
Колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге септігін тигізбек / фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация жүйесін іске қосып жатыр.

Министрліктің ақпаратынша, бұл бастама балалар, студенттер, педагогтар мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік бермек.

Қақтығыстарды азайтады

Сонымен қатар, жаңа құрылым буллингтің алдын алуға бағытталады.

«Балабақшаларда аталған құрылым тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ, балалардың бойында кішкентай кезінен бастап тіл табысу, бөлісе білу, ортақ мәмілеге келу және жанжалдардан бейбіт жолмен шығу дағдыларын қалыптастырады», ­– делінген ақпаратта.

Колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларына жол бермеуге және білім алушылар арасындағы қақтығыстарды азайтуға септігін тигізбек.

Тәжірибе сынақтан өткен

Медиация тобының құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай білім алушылардың өздері де кіреді.

Айта кететін жайт, мұндай тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында енгізілген болатын.

«Ол дау-дамайлардың алдын алуда және оқушылар арасындағы жағымды психологиялық ахуалды қалыптастыруда өз тиімділігін дәлелдеді», ­– делінген министрліктің хабарламасында.

Мұның алдында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқулықтардың жаңартылатынын мәлімдеген еді.