Жаңалықтар

Британ компаниясы үлесін сатады: Air Astana мәлімдеме жасады

Air Astana/Фото: Shutterstock

Air Astana компаниялар тобы BAE Systems компаниясының өзіндегі қалған үлесін сатуды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Компанияның мәліметінше, мәміле туралы толық ақпарат кейін ресми жарияланымдарда ашылады.

BAE Systems Air Astana құрылған сәттен бері негізгі серіктестердің бірі болды. Әуе тасымалдаушы 2001 жылы Қазақстан Үкіметі мен британдық компанияның бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған.

2024 жылы өткен IPO аясында BAE Systems үлесін 16,95%-ға дейін қысқартқан. Ал 2025 жылдың желтоқсанында тағы 10,1% акциясын сатқан. БАҚ-тағы мәліметтерге қарағанда, бұл акциялардың құны – 31 млн доллар.

Air Astana мәлімдеуінше, бұл актив британдық компания үшін негізгі бағыттардың бірі болмаған. Компания жаңа акционерлерді тартуға дайын екенін атап өтті.

Сонымен қатар мәміле нәтижесінде еркін айналымдағы акциялар үлесі артады.

Air Astana бұған дейін 2025 жылғы қаржылық нәтижелерін жариялап, көрсеткіштердің өскенін хабарлаған. Компанияның түсімі 11,4%-ға өсіп, 1,45 млрд долларды құрады. EBITDAR көрсеткіші 321,2 млн долларға жеткен.