Қоғам

«Далаға апарып тастады»: Жетісуда ер адам екі ұлының әрекетіне шағымданды

полиция
Ер адам көмек сұрады/Фото: shutterstock.com

Жетісу облысында ер адам екі ұлынан зәбір көріп отырғанын айтып, көмек сұрады.

Ақсу ауданында тұратын Бақытбек Қадысұлы екі ұлының үстінен арызданғанын айтады. Алайда олар он шақты күнге қамалып, шыққан соң әкесін қайта ұратын көрінеді.

«Бұларды ұстап әкетеді, 10 күн жатады да, қайта келеді. Қайта тиіседі. Жұмыс орнымды 6-7 рет шақты. Кешірім де сұрадым», – дейді ер адам.

Айтуынша, ұлдарының өз отбасы, бала-шағасы бар.

«Менен ақша сұрайды. Бермесем, маған істемегенді істейді. Алдыңғы жылы екі ұлым көлікке салып алып, далаға апарып тастады. Үйге қашып келіп, бір ай ауырып жаттым. Жаным әрең қалды. Бауырым «бұл кісіде нең бар?» деп еді, оған да пышақ салды», – дейді ақсулық ер адам.

Осындай әрекеттен кейін ұлы екі айға қамалған, алайда балаларының бар екені ескеріліп, бір айы шегерілген.

«Кеше тағы сот болды. Тағы 10 күнге қамалды. «Келген соң тағы көресің» деп отыр. Мен оларға не істедім? Кімнен көмек сұраймын?», – дейді ер адам.

KursivMedia осы жағдайға қатысты Жетісу облысы полиция департаментіне сұрау жолдады.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында әкесін ұрған ер адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шардара ауданы Қоссейіт ауылында 42 жастаға Алмас Садақбаев мүгедек әкесін үйдің ауласында ұрып-cоққан видео әлеуметтік желіде тарады. Содан кейін полиция қылмыстық іс қозғады.