Жаңалықтар

Медициналық қызмет саласында Qalqan экожүйесі іске қосылады

фото: shutterstock

Елімізде медициналық қызметтерді QR-код арқылы бақылау үшін Qalqan экожүйесі енгізіледі. Үкімет хабарлауынша, Qalqan цифрлық экожүйесін енгізу медициналық қызметтерді растау процесіне науқастарды тартуға және жалған тіркеулерді жоюға мүмкіндік береді.

QR-кодтарды пайдалану және мобильді қосымшалармен интеграциялау арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі ашықтықтың жаңа тетіктері туралы «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ басшысы Жанасыл Оспанов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда медициналық ұйымдар БСН бойынша жүйеде авторизациядан өтіп, өндірістік базасын цифрландырып жатыр.

Нәтижесінде үш деңгейлі сәйкестендіру жүйесі: ғимараттың, медициналық бөлімшенің QR коды және емдеуші дәрігердің жеке коды қалыптасады. Науқас тек қосымшаны ашып, осы QR кодты сканерлеп, көрсетілген қызметтердің дұрыстығын тексеруі керек.

«Көрсетілген медициналық қызмет бойынша ақпарат кейіннен хабарлама арқылы науқастың жеке кабинетіне түседі. Онда тек медициналық қызмет туралы ғана емес, сонымен қатар қызмет құны мен қаржыландыру көзі бойынша да ақпарат беріледі», – деп атап өтті Жанасыл Оспанов.

Оның сөзіне қарағанда, қызметті МӘМС шеңберінде алғаны туралы хабарлама келіп түссе, ал науқас қызмет ақысын өз қалтасынан төлеген жағдайда, аталған қосымшада бірден шағымдануына болады.

Айта кететін жайт, 2026 жылы 7 наурызда Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш көрсету мен қоқан-лоққы жасағаны үшін жазалау туралы Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер өз күшіне енді.