Алматы, Астана мен Шымкент: ірі қалалар Наурыз мерекесін тойлауға қанша қаржы жұмсады

Күн мен түн теңесетін әз Наурыз мерекесін Қазақстан халқы кеңінен атап өтеді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміздің басты шаһарлары мен аймақтары мерекеге қалай дайындалып жатыр? Бір қалада бюджет үнемделіп, ескі жәдігерлер жаңартылса, екіншісінде демеушілер қолдау көрсетіп, ал бас шаһарда «Наурызнама» онкүндігі айрықша сән-салтанатпен өтпек. Kursiv.Media әкімдіктердің берген ресми ақпараты мен мемлекеттік сатып алу порталындағы дерек негізінде Наурыз мерекесін тойлау мен безендіруге қанша қаржы жұмсалғанын анықтап көрді.
Демеушілер қолдауына сүйенген Ақтау
Каспий жағалауындағы ару қалада биылғы мерекелік безендіру жұмыстарына жалпы алғанда 109,6 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
Алайда конкурстық шаралардың наурыз айының ортасында басталуына байланысты, Наурыз мейрамы мен 8 наурыз мерекесіне арналған сәндеу жұмыстары толықтай демеушілер есебінен атқарылып жатыр.
Жеңімпаз мердігер ай соңына дейін анықталып, жыл соңына дейінгі өзге де айтулы күндер: Отан қорғаушылар күнінен бастап Тәуелсіздік мерекесіне дейінгі 6 мемлекеттік мейрамға қаланы дайындаумен айналысады. Осылайша, Ақтау көшелерінде баннерлер мен мемлекеттік рәміздер жалаушалары біртіндеп бой көтермек. Алайда әкімдік баспасөз қызметі түрлі іс-шараларға қанша қаржы бөлінгенін нақтыламады.
Астана: «Наурызнама» онкүндігі мен ауқымды салтанат

Елордада биылғы мереке «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 14-23 наурыз аралығында ерекше қарқынмен өтіп жатыр. Әкімдік берген ақпаратқа сәйкес, қаланың алты ауданында 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, әр күн ұлттық құндылықтарға бағытталады. Мерекелік әрлеу жұмыстарына аудан әкімдіктері тарапынан шамамен 187 миллион теңге бөлінді. Қаражат аудан бойынша төмендегідей бөлінген:
- Байқоңыр – 20 млн;
- Сарайшық – 30 млн;
- Сарыарқа – 30 млн;
- Алматы – 30 млн;
- Есіл – 40 млн;
- Нұра – 37 млн теңге.
Астана көшелерінде ұлттық нақыштағы инсталляциялар, алтыбақан мен киіз үйлер орнатылып, қала қонақтары үшін интерактивті аймақтар жұмыс істейді. Қаржыландыру жергілікті бюджет пен демеушілер есебінен теңдей жүргізіліп, тұрғындар үшін Digital Nauryz платформасы арқылы барлық шараларды көруге болады.
Алматыда Наурыз мерекесін тойлауға қанша қаржы бөлінген

Қала әкімдігі биыл Наурыз мейрамына орай 200-ден астам түрлі іс-шара мен акциялардың өтетінін хабарлады. Алматыдағы мерекелік думан он күнге созылмақ.
Қала әкімдігіне жолдаған ресми сауалымызға мақала жарияланған уақытқа дейін жауап келмегендіктен, мемлекеттік сатып алулар порталындағы деректерге жүгіндік.
Мемлекеттік сатып алулар порталында Алматы қаласының Мәдениет басқармасы тарапынан Наурызға арналған бірнеше лот жарияланған.
Алматы қаласының Мәдениет басқармасы Наурыз мейрамына орай биіктігі 13 метрлік, ені 12 метрлік алып «өмір ағашы» стиліндегі арт-инсталляцияны орнатуға және оның салтанатты ашылуын ұйымдастыруға 56,5 миллион теңге көлемінде конкурс жариялады.
Бұл жоба аясында жеңімпаз атанған компания нысанның көркемдік тұжырымдамасын әзірлеп, оны металл мен ағаштан берік етіп жасап, айналасына 80-нен астам сәндік киіз үй мен 1,5 шақырымдық жарықдиодты шамдар орнатуы тиіс еді.
Сонымен қатар, өнім беруші инсталляцияны салтанатты түрде жағу рәсімін, театрландырылған қойылым мен 3 күндік концерттік бағдарламаны толықтай ұйымдастыруға, сондай-ақ шара аяқталған соң конструкцияны бұзып, аумақты бастапқы қалпына келтіруге міндеттеледі. Алайда бұл лотқа «Qarnag Media» ЖШС өтініш беріп, оныі өзі конкурс талабына сай болмай шыққандықтан, тендер өтпеген.

Ашық аспан астындағы концерт
Есесіне «Qarnag Media» ЖШС (иесі – Аман Руслан) мәдениет басқармасының «Жұлдызды Алматы» фестивалін ұйымдастыруға қатысты тендерін жеңіп алған. 21-22 наурыз күндері «Астана» алаңында «Наурыз мейрамына» орайластырылған «Zhuldyzdy Almaty» атты екі күндік кешкі ашық аспан астындағы (Open Air) фестивалі ұйымдастырылады.
Жобаның бастапқы бюджеті 82 миллион теңгені құрағанымен, қосылған құн салығын қоса алғанда 92,7 млн теңгеге жеткен. Бұл сомаға іс-шараны өткізуге қажетті барлық шығындар, соның ішінде техникалық жабдықтау мен электр энергиясының ақысы да кіреді.
Фестивальді ұйымдастырушы компания жобаның толық креативті цикліне, яғни концепцияны әзірлеуден бастап оны іске асыруға дейінгі жұмыстарға жауапты болады.
Оның міндетіне екі тілде сценарий жазу, кәсіби режиссер мен екі жүргізушіні тарту, сондай-ақ мерекенің әр күніне кемінде 10 артистен (эстрада, фольклор және заманауи жанрлар) тұратын концерттік бағдарлама дайындау кіреді.
Техникалық талаптар бойынша сахнадағы LED-экрандар үшін арнайы видеоконтент пен анимацияланған заставкалар әзірленуі тиіс.
Сонымен қатар, ұйымдастырушы артистерді арнайы жарық сигналдарымен жабдықталған көліктермен тасымалдауы, 30 адамға арналған ыстық тамақ (кейтеринг) және жабдықталған үш гримерлік бөлме мен клининг қызметімен қамтамасыз етуі шарт.
Медиа бағыты бойынша фестивальді насихаттау үшін кемінде 6 промо-ролик дайындалып, әлеуметтік желілерде жарнамалануы қажет. Іс-шара барысы кәсіби фотографтар мен ПТС станциясын пайдаланатын операторлар тобы тарапынан түсіріліп, аэротүсіріліммен толықтырылады.
12 қанатты 6 киіз үй орнатылады
Қала әкімдігі Наурыз мейрамы қарсаңында қаланы мерекелік безендіру және шағын сәулет нысандарын орнату бойынша 85,1 млн теңгенің конкурсын жариялады. Тендерді Шымкент қаласында тіркелген «Jasyl Onir» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Қосылған құн салығын қосқанда бұл тендерге 98,6 млн теңге жұмсалады.
Жоба аясында шаһардың қоғамдық кеңістіктерінде 12 қанатты 6 ақ киіз үй, «Көктем» және «Наурыз» фотозоналары, биіктігі 2 метрлік «НАУРЫЗ» көлемді жазуы, сондай-ақ «Тайқазан», «12 мүшел», «Кереге» және «Шамдал» инсталляциялары орнатылады.
Барлық конструкциялар заманауи LED-жарықтандырумен, флекс-неонмен жабдықталып, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендірілуі тиіс. Өнім беруші нысандарды жеткізу, орнату және іс-шара аяқталған соң жинап алу жұмыстарымен қатар, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалайтын сервистік қызмет көрсетуге, электр энергиясы шығындарына және келушілердің қауіпсіздігіне толық жауапты болады.
Дәл осы «Jasyl Onir» компаниясы мәдениет басқармасына қарайтын «Мемлекеттік қуыршақ театрының да тендерін жеңіп алған. Бұл жолы 57,9 млн теңгеге Панфилов көшесін 21–22 наурызда өтетін іс-шара үшін безендіруі шарт.
Техникалық талапқа сәйкес, өнім беруші Панфилов көшесінің бойында кемінде 5 перформативті нүкте орнатуы керек. Онда музыканттар, мимдер, театрландырылған қойылымдар мен жонглерлер өнер көрсетеді. Маршрут бойында күніне кемінде 10 000 көрерменді қамту жоспарланған.

Жалауша ілуге 77 млн теңге жұмсалады
Сонымен қатар қала әкімдігі өткізілетін іс-шараларды визуалды әрлеуге 77 млн теңге жұмсамақ. Конкурс өткізіліп, «SBA Enterprise» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылғанымен, компаниямен жасалған келісімшарт порталда жоқ.
Техникалық талапқа сәйкес, өнім беруші көшедегі жарық бағаналарына, тіректер мен арнайы конструкцияларға жалпы көлемі кемінде 7000 шаршы метр болатын мерекелік жалаушалар мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы бейнеленген элементтерді орнатуы тиіс.
Барлық безендіру жұмыстары «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнама мен ұлттық стандарттарға қатаң сәйкес жүргізілуі қажет.
Қызмет көрсетуші компания атлас, габардин және политекс сияқты төзімді материалдардан кемінде үш түрлі дизайн нұсқасын ұсынып, оларды Тапсырыс берушімен алдын ала келісуге міндетті. Бұл тендер талабы бөйынша, қызмет наурыз мейрамында ғана емес, 2026 жыл бойы ұсынылады.
Сонымен қатар аталмыш компания қаланы мерекеге сай безендіруге 57,9 млн теңгенің тендерін жеңіп алған.
Жобаның басты талабы – жыл бойы өтетін түрлі мерекелерге сәйкес жалпы көлемі кемінде 11 000 шаршы метр безендіру элементтерін дайындау және орнату.
Өнім беруші ғимарат қасбеттерін, сахна декорацияларын, билбордтар мен фотоаймақтарды безендіруге жауапты. Қолданылатын материалдар (ПВХ, винил, полиэстер) кез келген ауа райына төзімді, тығыздығы жоғары және кескін сапасы кемінде 720 dpi болуы шарт.
«Алматы әуендері» тапсырысымен «Абай» алаңында өтетін концерт
Осы басқармаға қарасты «Алматы әуендері» мекемесі де көктем мерекесін ұйымдастыруға қомақты қаржы бөледі. Мекеме 21-23 наурыз аралығында Абай алаңында өтетін «Наурыз мейрамы» салтанатты іс-шарасын дайындау мен өткізуге конкурс жариялаған.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, өнім беруші іс-шара өтетін бас сахнаны дыбыс және жарық кешендерімен, бейне жабдық және сахналық құрылымдармен толық жарақтандыруға міндетті.
Дыбыстық кешен кемінде 36 кең жолақты және 24 төмен жиілікті акустикалық жүйе, сондай-ақ кәсіби мониторлар мен радио-микрофондардан тұруы тиіс. Жарық жүйесі 140-тан астам роботталған және статикалық аспаптарды қамтыса, бейне кешені 2040-тан астам LED-модульдерден құралған экрандармен жабдықталады. Іс-шараның көркі ретінде Абай алаңының сәулетіне үйлескен, ені 18-22 метрлік көп деңгейлі заманауи бас сахна орнатылады.
Сонымен қатар, жеткізуші барлық әртістер мен жүргізушілерге кәсіби стилисттер мен грим шеберлерінің қызметін ұйымдастыруға, сахна экрандары үшін жасанды интеллект пен үш өлшемді графика элементтерін пайдалана отырып, «Әз Наурыз» тақырыбындағы бірегей мультимедиялық контент әзірлеуге жауапты.

Қызмет көрсетуші нысанды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуді, кабельдік желілерді қауіпсіз төсеуді және іс-шара кезіндегі тазалықты сақтауды өз мойнына алады. Барлық орнатылған конструкциялар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне, өртке төзімділігіне және үшінші тұлғалардың амандығына өнім беруші толық материалдық жауапкершілік көтереді.
Жұмыс аяқталған соң алаңды бастапқы қалпына келтіріп, атқарылған істер туралы фото-бейне материалдардан тұратын қорытынды есеп пен шығындар сметасын тапсыруы тиіс. Барлық шығындар, соның ішінде тасымалдау және персонал ақысы келісімшарт құнына енгізілген.
Конкурс хаттамасына сәйкес, бұл тендерді 65 млн теңгеге ұйымдастырып беруді ұсынған «Юнитэк-М» ЖШС алған. Одан бөлек Абай алаңында «Наурыз мейрамы» мерекесіне арналған интерактивті және мультимедиялық нысандарды құруға 41,8 миллион теңге бұл конкурстың жеңімпазы болып дәл осы компания танылған.
Жобаның басты мақсаты – ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы мәдени кеңістік қалыптастыру.
Техникалық талаптарға сәйкес, алаңда диаметрі 6 метрлік 6 дәстүрлі киіз үйден тұратын этномәдени кешен бой көтереді. Әрбір киіз үйдің іші сандық, текемет, сырмақ сияқты жәдігерлер және қолөнер бұйымдарымен безендіріледі. Сонымен қатар, мерекелік аймаққа кіреберісте биіктігі 6 метрлік екі салтанатты арка мен биіктігі 5 метр болатын «Бір шаңырақ астында» атты бірегей арт-инсталляция орнатылады. Бұл композиция алтын шаңырақты ұстап тұрған төрт мүсіндік қолдан тұрып, халық бірлігін бейнелейді.
Келушілердің демалысы үшін 2 алтыбақан, ұлттық нақыштағы «гүл ағыны бар кеуде» пішінді сәндік нысандар, 10 көше шатыры, сондай-ақ 100 орындық пен 50 үстел қойылады. Барлық нысандар түнде арнайы жарықпен безендіріліп, ауа райының қолайсыздығына төзімді материалдардан жасалуы тиіс.
Осы лоттардың бәрін қосса, Наурыз мерекесін тойлауға кеткен қаржы 490 млн теңгеден асады. Оған қоса қаланың ішкі мемлекеттік аудит департаменті осы мекеме жариялаған 72 млн теңгелің бір тендердің күшін жойған.
Шырайлы Шымкент Наурыз мерекесіне 314 млн теңгеге кеңінен атап өтеді

Шымкент қаласында биылғы Наурыз мейрамын мерекелеуге бюджеттен 314 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалмақ.
Он күнге созылатын ауқымды іс-шаралар тізбегі 14 наурызда «Наурыз думан» спектаклімен басталып, қайырымдылық акцияларына, қолөнершілер көрмесіне, ұлттық киімдер дефилесі мен спорттық жарыстарға ұласады.
Мерекенің ең айтулы оқиғасы 21 наурызда Әл-Фараби алаңында өтетін халықаралық гастрономиялық фестиваль болмақ; мұнда отандық мамандармен бірге Швейцария, Франция, Бельгия және Түркия бастаған он шақты мемлекеттің үздік аспаздары бас қосып, ұлттық тағамдардан шеберлік сағаттарын өткізеді.
Салтанатты шаралар 23 наурызда қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен өтетін гала-концертке, ал 24 наурызда айтыс пен симфониялық оркестрдің кешіне ұласпақ.
Бұл ауқымды думандарды ұйымдастыруды алматылық «NS Group LTD» компаниясы жеңіп алды. Айта кетерлігі, аталған компания былтыр да Шымкенттегі көктемгі мерекелерді 230 миллион теңгеге өткізген.
Биылғы талап бойынша ұйымдастырушылар елімізге танымал режиссерлер мен авторларды тартып, этно-ауыл құру, 400 дронның қатысуымен шоу көрсету және жасанды интеллект негізіндегі виртуалды жүргізушіні іске қосуға міндеттелді.
Сонымен қатар, техникалық сипаттамада дыбыс пен жарық құрылғыларының нақты брендтеріне дейін көрсетілген. Мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге сүйенсек, жеңімпаз компанияның ресми түрде 4 қызметкері бар болып тіркелгеніне қарамастан, олар конкурстың барлық қатаң талаптарына, соның ішінде арнайы техника мен білікті мамандардың (суретші, сценарист, дирижер, визажист) болуына сәйкес деп танылған.
Талдықорған қаласын безендіруге 13 млн теңге бөлінген
«Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік
мекемесінің ресми жауабына сәйкес, Наурыз мерекесін безендіру мен өткізуге қала бюджетінен 12,9 млн теңге бөлінген.
Тендерді «Dostyk MGA Service», «Казсалют», «ТауСтрой» сынды жеке компаниялар жеңіп алған.
Жетісу облысының халық шығармашылығы орталығы биылғы Наурыз мерекесіне арналған мәдени-көпшілік шараны ұйымдастыру үшін 10,2 миллион теңге көлемінде конкурс жариялады.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – өнім беруші тек мерекені өткізіп қана қоймай, оның толық тұжырымдамасын (концепциясын) өзі әзірлеп, жоспарын 4 кезеңге бөліп көрсетуі тиіс. Шарт жасалғаннан кейін 5 күн ішінде іс-шараның эскиздері, жарнамалық баннерлер мен ЛЭД-экрандарға арналған бейнероликтердің үлгілері бекітілуі қажет.
Тендерді Абдрахманова Разия атты жеке кәсіпкер ұтып алған.

Жезқазған: үнем мен ұқыптылықтың үлгісі
Биыл Жезқазғанда Наурыз мейрамын әрлеу жұмыстарына қала бюджетінен арнайы қаражат бөлінбеген.
Әкімдік ақпаратына сәйкес, 2023 жылы қаланы безендіру мен шағын сәулет нысандарын (МАФ) сатып алуға 38,5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.
Қазіргі кезде «Мәдениет және демалыс парктерін басқару» кәсіпорнының жұмысшылары сол бұрынғы нысандарды өз күштерімен жөндеп, қалпына келтіріп жатыр. Қала көшелеріне флагштоктар мен баннерлер ілініп, мерекелік рең берілді.
Десе де, мәдени және спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу үшін 11 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылып, мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Ұлытау облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасы «Қош келдің, Әз Наурыз» іс-шарасын ұйымдастыру үшін «Тонерико» ЖШС-мен 27 млн теңгеге келісім-шарт жасасқан.
Бұл қаражатқа мерекенің көркемдік тұжырымдамасын әзірлеу, сахнаны дыбыс, жарық және бейне құрылғыларымен жарақтандыру, сондай-ақ 10 қанатты және 10 қанатты емес барлығы 10 салтанатты киіз үй тігу жұмыстары кіреді. Әрбір киіз үй ұлттық жиһаздармен, кілемдермен және ыдыс-аяқтармен толық жабдықталып, электр жарығымен қамтамасыз етілуі тиіс.
Мерекелік бағдарлама аясында екі ірі байқау өткізіледі: 21 наурызда киіз үйлердің ішкі-сыртқы безендірілуі сыналатын «Үздік киіз үй» байқауы, ал 22 наурызда ұлттық әдет-ғұрыптарды (тұсау кесу, бесікке салу және т.б.) көрсететін «Ұлттық салт-дәстүрлер» сайысы өтеді.
Бұл екі байқаудың жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, шара барысында 200-ден астам өнерпаздың, кәсіби би ұжымдары мен домбырашылардың қатысуымен 3,5 сағаттық үлкен концерт ұйымдастырылады. Концертке елімізге танымал бір этно-ансамбль, бір дәстүрлі әнші және бір эстрада жұлдызы арнайы шақырылады.
Ұйымдастырушы компания мереке алаңында фотоаймақтар құруға, тазалық пен қауіпсіздікті сақтауға, сондай-ақ жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметінің кезекшілігін қамтамасыз етуге міндетті. Шара барысы 4 фотограф пен 2 видеограф (соның ішінде дронмен) тарапынан түсіріліп, әлеуметтік желілерде жедел жариялануы шарт.