
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы алты айлық нәрестенің ауруханаға жатқызылып, облыстық ауруханаға тасымалдау кезіндегі өліміне қатысты егжей-тегжейлі мәлімет берді.
Еске сала кетейік, Атырауда алты айлық нәресте шетінеп кетті. Санавиациямен тасымалдаудан бас тартылған соң, ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген болатын.
Ведомство мәліметінше, 28 ақпанда жедел жәрдем бригадасы Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылына тыныс алуы қиындаған, дене қызуы көтерілген және емшек емуден бас тартқан алты айлық нәрестеге шақыртумен барған. Бала аудандық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде бірден тексеру мен емдеу жұмыстары басталған.
Бейінді мамандардың қатысуымен өткен консилиумнан кейін науқасты облыстық балалар ауруханасына шұғыл тасымалдау туралы шешім қабылданды.
«Тасымалдау тәсілін таңдау кезінде медициналық персонал нақты жағдайларды негізге алды: түнгі уақыт болғандықтан санитарлық авиацияны қолдану мүмкін болмады, соған байланысты жедел медициналық жәрдем автокөлігімен жерүсті бағыты таңдалды. Жолға шамамен бес сағат уақыт кетті, қалыптасқан жағдайда бұл қолжетімді нұсқалардың ішіндегі ең жедел түрі болды. Тасымалдау кезінде баланы дәрігер анестезиолог-реаниматолог пен медициналық бике ертіп жүрді, жолда балаға оксигенотерапия жүргізілді», – делінген ведомство хабарламасында.
1 наурыз күні сағат 05:15-те бала облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне тіршілік нышанысыз жеткізілді. Жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермеді, биологиялық өлім тіркелді.
Қазіргі уақытта медициналық сараптама жүргізілуде. Ведомство бір жасқа дейінгі балалар өлімінің барлық жағдайы міндетті түрде сот-медициналық зерттеуге жіберілетінін атап өтті.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы нәрестенің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жағдай жеке бақылауда екенін мәлімдеді. Тексерудің толық ашық болатынына уәде берілді.