
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшысы қызметінен кеткеніне биыл тұп-тура 7 жыл. Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызы сағат 19:00-де қазақстандықтарға үндеу жасап, бірнеше жыл ойында жүрген шешімін жариялады.
«Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді», – деді Назарбаев халыққа үндеуінде.
Осы сәттен бастап қазірге дейін елде бірқатар өзгеріс болды. Елорда атауы Астанадан Нұр-Сұлтанға, кейін қайта Астанаға ауысты. 12 жыл бойы қолданылып келген Елбасы статусы алынып, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев өзін «зейнеткермін» деп атады. KursivMedia кейінгі жылдары болған оқиғаларға шолу жасап шықты.
Халыққа үндеу
Назарбаевтың халыққа үндеу жасайтыны бірнеше сағат бұрын хабарланды. Алайда сол кездегі президенттің биліктен келкелі жатқаны туралы еш жерде айтылмады. Осылайша, сағат 19:00-де Назарбаев қабылдаған шешімін жариялады.
Бұл жаңалықты естігенде көз жасына ерік бергендер де болды. Олардың арасында Бекболат Тілеухан мен Азат Перуашев та бар.
Кейіннен Перуашев сұхбат беріп, не себепті жылағанын айтты.
«Ешқандай пиар емес. Тек ұстап тұра алмаған шынайы сезімдер болды. Ер адамдардың да жүрегі бар ғой. Не туралы ойладым? Тұтас бір дәуір аяқталды деп ойладым», – деген депутат.

«Қос билік»
Бастапқы әңгімемізге оралсақ, Назарбаев президент қызметінен кеткенімен басқа артықшылықтары сақталды. Мәселен, 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып отырды, 2023 жылдың қазанына дейін Елбасы статусы сақталды.
Бұл өзгерістерге дейін елде «қос билік» орнағаны туралы әңгіме жүрді. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2019 жылы жауап берген.
«…Бәрін естіп, оқып жүрмін. Мұндай өсекті Қазақстанда тұрақтылық болғанын қаламайтындар әдейі таратады. Олар елде жанжал, қос билік болғанын қалайды. Біздің шетелге қашқан ұры-сатқындарымыз сол жақтан осындай ақпарат таратып, халықтың тыныш өмірін бұзғысы келеді. Мұның ешқандай негізі жоқ, өйткені Қазақстан – президенттік басқару формасы бар унитарлы мемлекет», – деген Назарбаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында.
Елде қос билік жоқ екенін және болмауға да тиіс екені әлі күнге дейін айтылып келеді. Мәселен, 2026 жылдың 15 наурызында елде референдум өтіп, жаңа Конституция қабылданды. Содан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы саяси шиеленіс туралы айтып, «Қазақстанда қос билік болмауға тиіс» деп мәлімдеді.
«Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз», – дейді Тоқаев.
Қаңтар оқиғасы
Қаңтар оқиғасын еске алсақ, 2022 жылдың қаңтарында Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Митингілер басқа өңірлерде жалғасып, кей өңірлерде халықтың бейбіт шеруі жаппай тәртіпсіздікке ұласты.
Салдарынан мыңдаған адам зардап шекті. Бас прокуратураның хабарлауынша, Қаңтар оқиғасы салдыранын 238 адам қаза тапты.
5 қаңтарда Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметінен кетті. 18 қаңтарда үндеу жасап, өзін «зейнеткермін» деп атады.
«2019 жылы президент өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазір Қазақстан астанасында еңбек сіңірген демалыстамын және ешқайда кеткен жоқпын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық билікке толық ие», – деп мәлімдеді.
Мұнан соң Назарбаев ел алдына шығуын сиретті.
700 беттік мемуар
Араға екі жыл уақыт салып, Нұрсұлтан Назарбаев 700 беттен тұратын мемуарын басып шығарды. Ішінде бір тарауын Қаңтар оқиғасына арнаған.
«Менің өмірім» кітабында «Қаңтар» тарауы «Тарих жолы қай заманда да тайғақ. Бұл айтылғанның дәлелі – 2022 жылғы қаңтар оқиғасы» деп басталады.
Назарбаев Қаңтар оқиғасына «билік үшін күрес» себеп болған деп жазған.
Дәл осы мемуарда өзінің үш қыздан бөлек екі ұлы бар екенін жазды.
«…Әңгімені созбайын. Мұсылмандық салт бойынша үйлендік. Әсел маған екі бала – екі ұл сыйлады. 2005 жылы Тауман, 2008 жылы Бәйкен дүниеге келді», – деп жазған Назарбаев.
Кейінгі жылдардағы кездесулер
2019 жылдың 21 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілік алдына бірге шықты.

Кейінгі жылдары Нұрсұлтан Назарбаев көпшілікке ара-тұра шығады. Мәселен, 15 наурызда Астанада Конституцияны өзгертуге қатысты референдумда дауыс берді.
Оның алдында 2025 жылдың маусымында Астана қаласындағы Бас мешітке зиярат жасады.
«Зиярат аясында Нұрсұлтан Әбішұлы өмірден өткен әулетінің марқұмдарына құран бағыштап, ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасады», – деп жазды мүфтият.

Сол жылдың 28 желтоқсанында Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Мұндай кездесу 2022 жылы, 2023 жылы, 2024 жылы да болған.