
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары әрі Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омарға қатысты сот процесі басталады.
Сот кабинетіндегі құжатқа сәйкес, сот тергеуі басталатын уақыт 19 наурыз сағат 15.00 деп белгіленген. Шенеунікке қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармағы (ірі мөлшердегі алаяқтық), сондай-ақ 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (ірі мөлшерде пара алу) бойынша айып тағылып отыр.
Іс ашық сот отырысында қысқартылған тәртіппен қаралады. Сот ісі орыс тілінде жүргізіледі.
Еске салсақ, 13 ақпанда әлеуметтік желіде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Сол күні облыс әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Артынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың ұсталғанын растады.